Жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккен үш өңір оқушылары аралық және қорытынды емтихан тапсырмайды

Үш өңір оқушылары емтихан тапсырмайды / Фото: kursiv.media архиві

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі 3,5 мыңнан астам оқушы аралық және қорытынды емтихан тапсырмайды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.

«Ондай аймақтар қатарына Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары кіреді. Бұл аймақтарда тұратын оқушылардың қорытынды бағасы жылдық бағалары негізінде шығарылады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ биыл 9-шы және 11-сыныптарды бітірушілер үшін қорытынды емтихандар 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Ал 5-8, 10 сынып оқушылары үшін алғаш рет қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау мақсатында қазақ тілінен аралық емтихандар болады.

Еске сала кетер болсақ, су басқан өңірлердегі 88 мектептің оқушылары 4 тоқсанды қашықтықтан оқып бастаған.

Эвакуациялық орталықтарда болған мыңнан  аса бала сауықтыру лагерлеріне, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларына, Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновация лицейлерінің интернаттарына орналастырылған болатын.

Осыған байланысты Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев су тасқыны болған аймақтарда ҰБТ тапсыратын оқушылардың дайындық сапасы төмендеп кеткенін айтып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдаған.

«Эвакуациялық пунктерде балаларға қажет барлық жағдай жасалған. Алайда төтенше жағдай биыл мамыр-маусымда өтетін мемлекеттік білім гранттарын алу конкурсына қатысу үшін оқушылардың ҰБТ-ға дайындалуына кері әсерін тигізді», – деген болатын Ғалиасқар Сарыбаев.

Кейін, 24 сәуірде, су тасқыны болған алты аймақтағы түлектер үшін ҰБТ бөлек кестемен өткізілетіні белгілі болды.