Жаңалықтар

Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау туралы келісім 10 жылға ұзартылды. Президент заңға қол қойды

Ресей мұнайын
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстан Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау туралы хаттаманы ратификациялады. Бұл хаттама негізінде Қазақстан мен Ресей үкіметінің 2013 жылғы келісіміне өзгерістер енгізілген. Ақорда мемлекет басшысының заңға қол қойғанын хабарлады.

«Мемлекет басшысы «2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген хабарламада.

Бұл келісім негізінде Ресей мұнайының Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау мерзімі 10 жылға ұзартылды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, 2033 жылға дейін мұнай транзитінен Қазақстан 1,7 млрд доллар пайда көрмек.

Ресей мұнайын тасымалдау тарифі тоннасына 15 доллар болып бекітілді. Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жылына 10 млн тонна ресейлік мұнай жеткізіледі деп жоспарланған. Келісім мерзімі – 2034 жылдың 1 қаңтарына дейін.

2013 жылғы келісімге сәйкес, солтүстіктегі көршінің мұнайын магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор – «ҚазТрансОйл» тасымалдайды.

2024 жылдың сәуір айында «ҚазТрансОйл» Қытай Халық Республикасына 834,8 мың тонна ресейлік мұнайды жеткізген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 12,8 мың тоннаға көп. 2024 жылдың қаңтар айында Қытайға Ресей мұнайының транзиті 855,6 мың тоннаны, ақпанда – 816,2 мың тоннаны, наурызда – 835,6 мың тоннаны құрады.

2023 жылы Қытай Халық Республикасына ресейлік шикізат транзитінің көлемі 9 млн 989 мың тоннаға жеткен. жалпы қос тарап келісімге келгелі 2014-2023 жылдар аралығында Қазақстан арқылы Қытайға 91 млн тонна мұнай тасымалданған.