Кен орны алты ай өртенген мұнай компаниясы 23 жаңа ұңғыма қазып, бұрғылау жұмыстарын жүргізбек
«Бузачи Нефть» мұнай-газ өндіруші компаниясы Маңғыстау облысындағы «Қаратұрын теңіз» және «Шығыс Қаратұрын» кен орындарында көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшарт аясында 23 ұңғыма бұрғылауды жоспарлап отырғанын хабарлады.
«Жобада № R-1, R-2, R-3, R-4, R-5, R-6, R-8, R-9, R-10, 402 , 408, 409, 410, 412, 415, 416, 419, 420, 422, 424, 425, 427, 430 ұңғымаларын бұрғылау үшін 23 учаскені қазу қарастырылған», – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, компания келісімшарттық аумақтарда мұнай барлау және тасымалдау жүйесін ұсынды. Екі кен орнында жұмыс істеумен қатар, «Бузачи Нефть» компаниясы «Шығыс Қаратұрыннан» бірнеше шақырым жерде орналасқан «Қаратұрын Солтүстік-Шығыс» учаскесінде сынақ өндірісін бастады.
Бұл ұңғымаларды 1300 метр, +- 250 метр тереңдікте бұрғылау жоспарланған. Әрбір ұңғымаға арналған алаң 90-дан 60 метрге дейін болады. Бұл ретте кейбір ұңғыма учаскелері бұрынғы ұңғымалар сәтті болған жағдайда ғана қазылады.
Ұңғымадан алынған шикізат пен газ АГЗУ-4,5 автоматтандырылған топтық өлшеу қондырғыларына тасымалданады. Мұнда барлық өнім автоматты түрде есептеледі. Сұйықтықты өткізу қабілеті тәулігіне 827,1 текше метрді, газды өткізу қабілеті тәулігіне 47,9 мың текше метрді құрайды.
Олардан шикізат одан әрі жинау және тасымалдау үшін ГУ-3 коллекторына (құбырлар мен клапандар блогы) түседі. Желілердің жалпы ұзындығы 15,3 шақырымды құрайды. Құрылыстың жалпы ұзақтығы 15 айға созылмақ. Оның ішінде дайындық жұмыстары екі айды құрайды. Құрылыс 2024 жылдың қыркүйегінде басталады деп жоспарланған. Қондырғылар мен ұңғымалар 2025-2034 жылдар аралығында жұмыс істейді деп күтілуде.
«Қаратұрын Солтүстік-Шығыс» кен орны Каспий теңізінің жағалау бөлігінде, Комсомольский шығанағына жақын жерде, Бозашы түбегінің солтүстік жағалауынан 5-7 км қашықтықта орналасқан. Кен орны «Қаратұрын Шығыс» кен орнынан бірнеше шақырым жерде тұр.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің цифралық платформасындағы ақпаратқа сүйенсек, «Бузачи Нефть» Мұрат Сафинге тиесілі. Ол компанияның жалғыз акционері.
Еске сала кетсек, Маңғыстау облысы бойынша экология және табиғи ресурстар департаменті ақпан айында «Бузачи Нефть» компаниясын жоспардан тыс тексеру нәтижесінде «Қаратұрын» кен орнындағы өртке байланысты 350 млн теңгеден астам айыппұл төлейтінін хабарлады.
2023 жылдың 9 маусымында «Қаратұрын» кен орнының №303 ұңғымасында бұрғылау құбырын көтеру кезінде табиғи газ өртеніп, өрт 200 күнге созылды. Экология департаментінің мамандары атмосфералық ауаның ластаушы заттардың бар-жоғын бірнеше рет өлшеу жұмыстарын жүргізді. Оның нәтижелері бойынша ластаушы заттардың, соның ішінде метанның артық мөлшері анықталды.
2023 жылдың 25 желтоқсанында ұңғымадағы өрт сөндірілді. 2024 жылдың қаңтарында экология департаменті жоспардан тыс тексеруді бастады. Нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуы анықталды. Атап айтқанда, атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың мөлшері асып кеткен.
Оның үстіне, берілген рұқсат бойынша бұл ұңғыманы бұрғылау 2024 жылы басталуы керек еді. Бірақ ол 2023 жылдың мамырында басталды.