2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляция екі еседен астам, яғни 9,8 %-ға дейін төмендеген. Базалық мөлшерлеме 14,75 %-ға дейін төмендеген. Депозиттерді доллар түрінде сақтау 23,2 %-ды құрап, 26 жыл бұрынғы төменгі шекті деңгейге жетті. Бұл ретте Ұлттық банктің жалпы алтын-валюта резерві 2022 жылмен салыстырғанда биыл 0,9 миллиард долларға немесе 2,5 %-ға көбейіп, 36 миллиард долларды құраған.
Ұлттық қордағы активтер 4,3 млрд долларға өсіп, 60 млрд долларға жетті. Активтердің табыстылығы 11,38 % болды. Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жиынтық көлемі былтыр 3,2 триллион теңгеге ұлғайып, 17,8 триллион теңгеге жеткен. Зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция деңгейінен асып, 10,1 %-ды құрады.
Бұл жөнінде Ақордада өткен кеңес отырысында мәлім болды. Тоқаев осы жолы Ұлттық банктің есебін тыңдады.
Кеңес отырысына Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Қаржы министрі Мәди Такиев қатысты. Олар 2023 жылғы ақша-кредит саясатының орындалу нәтижелері, қаржы тұрақтылығын және алтын-валюта резервінің жай-күйін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банктің қабылдап жатқан шаралары, Ұлттық қордағы активтер туралы баяндады.
Тоқаев «Цифрлық теңге» жобасының жүзеге асыру жайы мен цифрландыру мәселесіне қатысты маңызды бастамалар туралы ақпаратқа қанық болды. 2023 жылы Open API платформасы мен Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі антифрод-орталығы пилоттық режимде іске қосылды.
Жоғары инфляция экономика өсіміне әсер етпеді
Прзеидент әлемдегі геосаяси тұрақсыздыққа, жоғары инфляцияға және жаһандық сауданың төмендеуіне қарамастан, былтыр жалпы Қазақстан үшін жақсы жыл болғанын атап өтті. Сонымен қатар қазіргі әлемдік жағдайда еліміздің макроэкономикалық және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк пен Үкімет үйлесімді жұмысты жалғастыра беру керек екенін айтты.
Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Соған сәйкес антифрод-тетігі іске қосылады. Оның аясында интернет-алаяқтыққа және қаржы ұйымдарын заңға қайшы мақсаттарда пайдалануға қарсы шара қолданылады.