Хиджаб мәселесінде елдегі жекеменшік мектептер де ескертусіз тексеріледі – Оқу-ағарту министрі

Жарияланды (жаңартылды )
Министр дін мәселесі білім беру саласынан бөлек болуы тиіс екенін айтты / Фото: shutterstock

Хиджаб мәселесінде барлық білім беру ұйымы ескертусіз тексеріледі. Бұл жекеменшік мектептерге де қатысты. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осылай деп мәлімдеді.

Министр мектептерде хиджаб киюге тыйым салу мәселесі әлі өзекті екенін атап өтті.  Оның айтуынша дін мәселесі білім беру саласынан бөлек болуы тиіс. Бұған қатысты мектептердің өз ережелері мен мен заңдары барын еске салды.

«Біз осы ережелерді ұстанып, оларды орындауымыз қажет. Барлық білім беру ұйымы осы талаптарды орындайды, олар мектеп ережелеріне, жарғыға да енгізілген. Жеке білім беру ұйымдарына қатысты айтатын болсам, мәселен, Атырау облысындағы жекеменшік мектептен оқушының хиджаб киюіне қатысты шағым келіп түсті. Біз ол мектепті жаптық. Сол себепті мұндай жұмыстар жалғаса береді», – деді ведомство басшысы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Ғани Бейсембаев бұған дейін Кәсіпкерлік кодекс аясында министрлікте сигналсыз жеке мектептерді тексеретін құзірет болмағанын жеткізді. Енді бұл бағытта үлкен өзгерістер жүріп жатқанын айтады.

«Енді барлық білім беру ұйымының заңдылықтың орындалуын тексерумен сәйкестендіру үшін кез келген білім беру ұйымдарына ескертусіз кіруге мүмкіндік аламыз», – деді ол.

Еске салсақ, былтыр жыл соңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептердегі хиджап мәселесі шешілген, орамал тағуына байланысты мектепке бара алмай жүрген оқушы жоқ деп мәлімдеген еді. Министр қыркүйектің басында хиджаб кигеніне байланысты 150-ден астам қыз мектепке бармағанын, бірақ кейін ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті.

Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қауіпсіздік мақсатында нақты хиджабқа емес, бетперделі киімдерге қатысты заң нормалары қарастырылатынын айтқан болатын. Министр сөзінше, паранжа мен ниқабқа қатысты мәселе заңдық негізде қаралуы мүмкін.

Балаева бұл мәселенің күн тәртібінен түспегенін мәлімдеді. Алдағы уақыттарда бетпердеге қатысты қоғамдық талқылаулар болатынын, бұл мәселені министрліктің халықпен бірге шешетінін айтты.

«Біз әр адамның діни сезімі мен ұстанымын құрметтеуіміз керек. Бұл тұрғыда әрбір шешім жан-жақты қоғаммен талқыланып, жан-жақты зерделеніп, тек содан кейін шешім қабылдануға тиіс. Мұны бір күнде заңды негізде өзгерте салу оңай. Бірақ ертеңінде оның салдары қандай болатынын ескеру керек. Адамдар наразылық білдіруі мүмкін. Біз соның барлығын міндетті түрде ескеруіміз керек. Біз депутаттармен дін саласындағы тұжырымдамамызды нақтылап алдық. Бүгінгі күні бұл салада қандай мәселе өзекті, қандай нәрсе керек деген секілді мәселелерді талқыладық. Ал енді қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, ниқабқа қатысты ұстанымымыздан айныған жоқпыз. Оны заңды тұрғыда қарастырып, салдарына зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тағы ескертіп айтамын, бұл біздің министрліктің ғана құзіретіндегі дүние емес. Қоғаммен ақылдасып шешетін мәселе. Бұған қатысты әлі де талқылаулар болады», – деді Балаева.

Сондай-ақ Аида Балаева хиджаб, никаб және шолақ шалбар киюге тыйым салуды енгізу мәселесі діни ағымдардың күшеюіне байланысты қайта қаралып, заңға жаңа нормалар ұсынылатынын айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз