Назарбаев университетіне жаңа басшы АҚШ, Канада немесе Британиядан келуі мүмкін – Саясат Нұрбек

Жарияланды
Назарбаев университетін кім басқарады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов 

Назарбаев университетіне жаңа басшы БАӘ, АҚШ, Канада немесе Британия университеттерінен келуі мүмкін. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде университетте жаңа президентін сайлау мен іріктеу процессі жүріп жатыр.

«Мен өзім бірнеше кандидаттармен сөйлесіп, сұхбат жүргіздім. Абу-Дабидің,  Канада, Америка және Британдық университтердің мықты-мықты бұрынғы басшылары кандидаттыққа тапсырып отыр. Жақын арада жаңа президенті тағайындалады. Өте тәжірибелі маман іздеп отырмыз»,-деді ол Үкіметтің баспасөз орталығында.

Ведомство басшысы Назарбаев университетінің бұрынғы басшысы Шигео Катсудың «оқу орнының академиялық еркіндігі мен институционалдық дербестігіне қауіп төніп тұр» деген мәлімдемесіне қатытсы пікір білдірді. 

«Қазіргі таңда үкімет пен министрлік Назарбаев Университетінің әлеуетін, академиялық автономиялық дербестігін сақтап қалу үшін барлық шараларды  жасап жатыр.  Мен жауапты түрде сізге айтайын, біріншіден, Назарбаев Университетін қаржыландыру, академиялық сұрақтарына ешқандай Үкімет тарапынан шектеу немесе тоқтату болмайды»,-деді министр.

Ол оқу орнының әлеуетін көтеру басты мақсат екенін айтады. Дегенмен университеттің бірнеше тиімсіз бағыттары жабылуы мүмкін, бірақ оқу орынын қолдау еш өзгермейді дейді ол.

«Тұңғыш және жалғыз да толыққанды Халықаралық стандарттарға сай зерттеуші оқу орны осы – Назарбаев университеті.  Жақында  QS халықаралық рейтингі  шыққан, сонда Қазақстанда және Азиядағы жас Университеттердің ішінде бірінші орында тұрмыз»,-деді  ол.

Айта кетейік, осыдан бір жыл бұрын Назарбаев Университетін 13 жылға жуық басқарған Шигео Катсу қызметінен кететіні жайлы хабарлаған едік. Ол 2023 жылдың 15 маусымнан лауазымдық қызметін босатты.  Дегенмен, Шигео Катсу президенттік қызметтен кетсе де, Назарбаев Университетінің Қамқоршылық кеңесінің мүшесі ретінде қалған еді.

Осыған дейін «Назарбаев университеті» мен «Назарбаев зияткерлік мектептерін» мемлекеттік қаржыландыру жыл сайын қысқаратынын хабарлаған едік. Бұл туралы маусым айында бұрынғы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеген болатын.

Оның дерегінше, Үкімет осы екі мекемені қаржыландыруды жүйелі түрде қысқартуды мақсат етіп отыр.

«Назарбаев университетіне 1,8 миллиард теңге бөлінді, бұл соманы жылдан жылға азайтамыз. Республикалық бюджет қалыптасып жатыр. Оны міндетті түрде қайта қараймыз. Үнемделген қаржыны басқа мақсатқа пайдалану маңызды», – деп қосты қаржы министрі .

Сонымен қатар, НУ-дегі тағайындау туралы жазған едік. Бұрынғы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов оның атқарушы вице-президенті болып тағайындалды.

Айта кету керек«Назарбаев университеті» – Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған. Алғашқы студенттерін 2010 жылдың қыркүйегінде қабылдай бастады.

Университет жеке білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді. Университет қызметі «Назарбаев Университетінің мәртебесі туралы», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» туралы арнайы заңмен реттеледі. 

Сондай-ақ оқыңыз