Жаңалықтар

Фотоесеп: Қырғызстандық шенеуніктер жаппай автобуста түскен суреттерін жариялап жатыр

Как чиновники Бишкека ездят на общественном транспорте
Қырғызстандық шенеуніктер автобуспен қатынауға міндеттелді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Бішкек қаласының әкімі Айбек Жүнісәлиев сейсенбі және бейсенбі күндері муниципалдық қызметкерлер мен кәсіпорын өкілдеріне жеке көліктерін пайдалануға тыйым салуды ұйғарды.

24kg басылымының ақпаратына сүйенсек, әкімнің өзі жұмысқа дейін жаяу қатынаса, ал көшпелі кездесулерге қызметтік көлікпен барады.

Фото bloodysx

«Әкімнің дәл осындай шешім шығаруына мына нәрселер негіз болған: а) бұл күндері қала көшелерінде кептеліс үдеп барады, ал бұндай қадам аз да болса кептелісті азайтады. б) қоғамдық көлікке деген сұраныс артады; в) ауаға тарайтын зиянды заттар көлемі азаяды», – делінген хабарламада.

Фото bloodysx

Осы бұйрық негізінде әр шенеунік қоғамдық көліктерде түскен суреттер бойынша есеп беріп, дәлел ретінде баспасөз қызметіне жіберіп отыратын болады.

«Мемлекеттік қызметкерлер бұндай сапар барысында қоғамдық көлік жүргізушілері санитарлық нормаларды қаншалықты сақтайтынын, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен төлем тәсілі қандай деңгейде жүргізілетінін бақылайтын болады», – делінген хабарламада.

Жоғарыда көрсетілген коллаждарда троллейбус басқармасының директоры, ТКШ және көлік жөніндегі вице-мэрлер, департаменттер, басқармалар мен бөлімше басшылары көрсетілген.

Фото bloodysx

«Тәжірибе көрсеткеніндей мэрдің бұйрығын лауазымды тұлғалардың барлығы бірдей орындады деп айтуға келмейді. Олардың арасында сейсенбі және бейсенбі күндері жұмысқа көлікпен келіп, ескерту алғандары да бар», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2024 жылы наурыз айында Қырғызстан министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров қызметтік іс-сапарға бизнес-класпен ұшуға құқылы лауазымды тұлғалардың тізімін бекіткен  болатын.

Ақылбек Жапаров 2024 жылы 22 ақпандағы №66-өкіміне қол қойды. Шешім Қырғызстан мемлекеттік бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдарға бөлінетін бюджет қаражатын ретке келтіру және ұтымды пайдалану үшін қабылданған. 

Тізімге сәйкес, енді бизнес-класпен іс-сапарға ұшуға құқылы:

  • Президент;
  • Жоғарғы кеңес төрағасы;
  • Министрлер кабинетінің төрағасы-президент әкімшілігінің басшысы;
  • Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары;
  • Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары;
  • Министрлер кабинетінің мүшелері;
  • Президент іс басқарушылары;
  • Президент әкімшілігі басқармасының бастығы

Ал Қазақстанда келер болсақ 2012 жылы мемлекет басшысының шенеуніктерді отандық көліктерге отырғызу туралы бастама көтергені болмаса, олардың барлығын бірдей жұмысқа қоғамдық көліктермен қатынауға міндеттейтін оқиға болған емес.