Тимур Құлыбаевқа тиесілі Joint Resources компаниясы былтыр 39 млрд теңге пайда тапқан. 2022 жылы аталмыш компания 127,6 млрд теңге шығынға батқан еді.
Компанияның 2023 жылғы аудиторлық есебіне сәйкес, 2023 жылғы таза пайдасы 39 млрд теңгені құраған.
Аудиттелген қаржы есебінде осыған байланысты компанияның бөлінбеген кірісі 2023 жылдың соңында бір жыл бұрынғы 198,8 миллиард теңгеден 238 миллиард теңгеге дейін өскені атап өтілген. Компания капиталы 396,3 млрд теңгеге дейін өсіп, бір акцияның баланстық құны 2022 жылғы 354 мың теңгеден 392,8 мың теңгеге дейін жетті.
Негізі 2012 жылы қаланған компанияның жалғыз акционері – Тимур Құлыбаев. Компанияның 100 пайыз акциясы Premier Management компаниясына сенімгерлік басқаруға берілген. Сенімгерлік басқаруға берген соң, компания өзінің еншілес компанияларын бақыламайды.
Бақылаудан айырылған күннен бастап компания инвестицияларды әділ құнымен бағалайтын болған. Компанияның 2022 жылғы шығынға батуына қаржылық активтерді пайда немесе залал арқылы әділ құнымен бағалауы себеп.
Компанияның Crystal Management, «Шұбаркөл Премиум», «Каспий Мұнай» және Premier Development Company, Premier Development, Kazakhstan’s mineral resource investment company, «Ақшабұлақ ГТЭС» компанияларында үлесі бар.
2023 жылы компания «Каспий Мұнай» компаниясынан 9,35 млрд теңге дивиденд алған, «Шұбаркөл Премиум» 2,6 млрд теңге төлеген.
Жиынтық актив көлемі 2022 жылмен салыстырғанда, 47 млрд теңгеге артып, 406 млрд теңгені құраған. Ал міндеттемелері 2,2 млрд теңгеден 9,7 млрд теңгеге жеткен. Акционерлік капиталы 20,8 млрд теңге көлемінде өзгеріссіз қалған.
2023 жылы қарашада Joint Resources компаниясының директорлар кеңесі жаңарды.