Құлсары қаласында су басқан үйлерінің шаршы метріне 400 мың теңгеден өтемақы талап етіп, бейбіт наразылыққа шыққан тұрғындар 7 күннен соң тарады. Жергілікті билік олардың үкімет ұсынған өтемақы көлемімен келіскенін хабарлады. Ішкі істер министрі Марат Қожаев ешқандай ұстау, қудалау болмағанын мәлімдеді.
«Тұрғындар шатырын жинап, алаңнан тарады. Менің білуімше, тараптар бір бітімге келген. Ешкімді ұстаған жоқ», – деді министр.
Министр Орал қаласында да әділ өтемақы төлеуді талап еткен азаматтардың ұсталмағанын жеткізді.
Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі «Курсивке» тұрғындар шаршы метріне 240 мың теңгеден өтемақы алуға келіскенін хабарлады. Қалада зардап шеккен тұрғындар залалды бағалау нәтижелерімен танысып жатыр. Әкімдік мәліметінше, қала алаңы қалыпты өмірге оралып, бүкіл қоғамдық орындар жұмыс істеп тұр.
16 мамырға қараған түні Құлсары қаласы тұрғындары су астында қалған баспаналарына берілетін төлемақы көлемімен келіспей, наразылыққа шыққан болатын. Тұрғындар шаршы метріне 400 мың теңгеден төленсін және ақша қолға берілсін деп талап қойды.
Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов наразылық білдіргендермен кездесіп, зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірген. Әкім зардап шеккен тұрғын үйдің әр шаршы метріне 200-240 мыңнан төлетінетінін, заңмен бекітілген шектен асып кете алмайтындарын жеткізген.
Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесі ірі бизнестің көмегімен шешілуі мүмкін екенін айтқан.
Атырау облысындағы Құлсары қаласына тасқын суы 5 сәуірде кірді. Су ағысының қатты болуы салдарынан қаланың басым бөлігі су астында қалған. Жалпы Жылыой ауданында 2 920 үйді су басқан. Қазіргі кезде соның 2 906-сы судан құрғатылған.