Отбасы банк 44,2 млрд теңге дивиденд төлейді. Коллаж: kursiv.media
2023 жылы 147,5 млрд теңге таза пайда тапқан «Отбасы банк» соның 30 пайызын жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингіне дивиденд ретінде төлемек. Таза пайданың 30 пайызы – 44,2 млрд теңгеге тең. Бұл туралы қаржы ұйымының Қазақстан қор биржасына жолдаған хабарламасында жазылған.
Банк қалған 103,2 млрд теңгені «Отау» бағдарламасы бойынша алдын ала тұрғын үй несиесін беруге жұмсайды.
Биыл төленетін дивиденд көлемі 2022 жыл үшін төленген қаржыдан 1,5 еседей аз. «Отбасы банк» «Бәйтерек» холдингіне былтыр 67,2 млрд теңге дивиденд төлеген. Ол кезде банк 96 млрд теңге пайда тауып, соның 70 пайызын акционеріне жіберген.
«Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның 100 пайыз акциясы – «Байтерек» ҰБХ-ға тиесілі. Қаржы ұйымының қор нарығында орналастырылған қарапайым акциялары 7,8 млн теңгені құрайды. «Отбасы банк» алдағы уақытта ұлттық даму институтына айналуы ықтимал.
Компанияның 2022 жылға арналған аудиторлық есебіне сәйкес, (2023 жыл үшін әлі шықпаған) банктің меншікті капиталы 462,2 млрд теңгені құраған. 2021 жылы бұл көрсеткіш 381,1 млрд теңге болған. Жиындық активтерінің көлемі де артып, 2021 жылғы 2,8 трлн теңгеден 2022 жылы 3,4 трлн теңгеге жеткен. Банк 2021 жылы 65 млрд теңге таза пайда тапса, 2022 жылғы таза пайдасы 96 млрд теңгені құраған.
Банк биыл «Отау» және «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының операторы болды. «Отау» бағдарламасы бойынша 20% бастапқы жарнамен, 19 жылға дейінгі мерзімге 9%-бен ипотека беріледі. Қазіргі кезде бағдарламаға өтініш бергендердің тізімін нақтылаған.
Ал «Наурыз» бағдарламасына өтініш қабылдау маусым айының соңына дейін жалғасады. Бағдарлама аясында 12 мың адам баспана ала алады. Оған 300 млрд теңге қарастырылған.