Қазақстандықтардың қытайлық автокөліктерге деген сенімі артып келеді

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстандықтардың қытайлық автокөліктерге сенімі артып келеді
Қазақстанда шығарылатын қытайлық көліктердің интерфейсі қазақ тіліне ауыстырыла ма? / Архив: kursiv.media

Алматыда Chery, GWM (Haval), Changan автокөліктерін шығаратын мультибрендті Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты салынып жатыр. Кәсіпорын жылына 90 мың автокөлік шығарады деп жоспарланған. Бұл туралы арнайы пресс-тур барысында Astana Group компаниясының басшысы Нұрлан Смағұлов мәлімдеді.

«Қазақстандық көліктерде тек дөңгелектердің ішіндегі ауа ғана отандық»

Нұрлан Смағұловтың айтуынша, Қазақстанның индустриялық елге айналу мүмкіндігі Өзбекстан мен Ресейден кем емес .

«Қазақстандық көліктерде тек дөңгелектердің ішіндегі ауа ғана отандық» дегенді жиі естиміз. Мемлекет басшысы қазақстандықтар автокөліктерді қазақстандық деп санауы үшін елде құрастырылған көліктерді көбейту, өндірісті ұлғайту міндетін қойып отыр. Автокомпоненттерді, қосалқы бөлшектерді: орындықтарды, бамперлерді, автоәйнектерді, бояуларды шығару қажет. Сондықтан біз автомобиль өндірушілеріне қойылатын талаптарды күшейтуіміз керек. Біздің мүмкіндігіміз көрші Өзбекстан мен Ресейден кем емес деп есептеймін», – деді Astana Group басшысы.

Оның сөзінше, құрылысы басталған зауытта өндірілетін көліктердің 40%-ы ішкі нарыққа арналса, қалған 60%-ы экспортқа шығарылады.

«Құрылысты аяқтау 2025 жылдың ақпан айына жоспарланған. Astana Motors-тың мақсаты – 2027 жылы дәнекерлеу және сырлау цехы бар 100% шағын торапты жинақ (CKD) әдісіне көшу», – деді Нұрлан Смағұлов.

Қаржы қайдан тартылады?

Жобаның құны – 182 млрд теңге. Оның ішінде 30% – Astana Motors Manufacturing Kazakhstan жеке қаражаты, 70% – КДҚ қаржы лизингі және ҚДБ кепілдігі құралдары арқылы жылдық 9% мөлшерлеме бойынша 15 жылға қарызға алынған қаражат. 

«Қазақстанның Даму банкі несиені коммерциялық шарттармен берді, біз өз қаражатымыздан 30% үлес қостық. Барлық ақша қарызға алынған және оны қайтару керек. Компанияға мемлекеттің қатысы жоқ», – деді Нұрлан Смағұлов.

Оның пайымынша, керісінше, мемлекет автомобиль өнеркәсібін дамыту үшін жеткілікті деңгейде жұмыс, барынша қолдау жасаған.

«Олар несие береді. Бізде ашық заңдар бар, бізді қолдайды, бізден перспектива көреді. Мысалы, Индустриялық аймақта бізге жер тегін берілді. Бастапқыда жер жалға беріледі, бір зауыт саламыз, кейін ол меншігімізге өтеді. Бізге инженерлік-техникалық шарттар, барлық желі беріліп, жағдай жасалады. Сол үшін де мемлекетке алғысымыз шексіз», – деп атап өтті компания басшысы.

Қазақстанда шығарылатын Қытай көліктерінің интерфейсін қазақ тіліне ауыстыру мүмкіндігі қарастырыла ма?

Қазақстанда салынып жатқан зауыт 3 жетекші бәсекелес Қытай брендтерінің автомобильдерін шығаратын әлемдегі жалғыз мультибрендтік кәсіпорын атанады. Бұл ретте көлік интерфейстерінде қазақ тілі қарастырылмақ.

«Мультибрендті зауытта шығарылатын Chery көліктерінде қазақ тілі болады. Басқа брендтермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл біздің бренд иелеріне қоятын негізгі талаптарымыздың бірі», – дедіAstana Motors ҚМК бас директоры Бекнұр Несіпбаев.

Компания басшысының айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың қытайлық автокөліктерге деген сенімі артып келеді. Статистика бойынша, 2023 жылы елде «аспан асты елінен» әкелінген брендтер саны 142%-ға артты. Ал олардың нарықтағы үлесі 41%-ды құрады.

Бастапқыда бренд ұстаушыларымен келісілген Chery Tiggo 2, Haval Jolidon, Tank 300 көліктері шығарылады. Нақты модельдер тізімі өндірісті пилоттық іске қосу алдында белгілі болады.

Қазақстанда автокөлік шығаратын қанша зауыт бар

Қазақстанда автокөлік шығаратын 8 зауыт бар. Бұл 9-шы зауыт болмақ.

«Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты аумағында өндірістік цехтар, компоненттер қоймалары, шанақтарды бөлудің автоматты қоймасы, лак-бояу материалдары қоймасы, инженерлік желілер және т.б. жұмыс істейді. Барлық көлік моделі шағын торапты жинақ (CKD) әдісімен өндіріледі. ҚР заңнамасына сәйкес 2024 жылы көліктердің жоқ дегенде 20%-ы осы әдіспен шығарылуы керек. 2025 жылы көрсеткіш 50%-ды құрауы керек. Сонымен қатар кәсіпорын ел экономикасының дамуына, ЖІӨ-нің өсуіне ықпал етеді, халықты жұмыспен қамтиды», – деп қорытындылады Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева.

Айта кететіні, 2024 жылдың 10 маусымында Алматыда автомобиль нарығына қатысушылардың бірінші тәуелсіз форумы өтеді. Бұл бірегей салалық форум болмақ. 2023 жылы автомобиль нарығы 10 жылда алғаш рет өсті. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі жеңіл автокөліктердің саны 14,4%-ды құраса, 2015-2021 жылдар аралығында бұл көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 0,7%-ға төмендеген. Нарық ұзаққа созылған тоқыраудан шықты.

Бұдан әрі не болады? Сарапшылар, автодилерлер, салалық қауымдастық пен реттеуші органдардың өкілдері осы сұраққа жауапты KURSIVAUTO 2024 форумынан табады.

Еске сала кетсек, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2027 жылы Қазақстандағы көліктердің тең жартысы шағын торапты жинақ әдісімен құрастырылады, деп хабарлаған.

Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдың 11 айында республикада 124,4 мың бірлік жеңіл автокөлік шығарылды. Оның ішінде шағын торапты жинақ (CKD) әдісімен өндірілгені 11,3 мың бірлік. Бұл ретте министрлік мұндай көліктердің үлесін арттыруға ниетті. Сондықтан автоөндірушілерге қойылатын талаптарды күшейту мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады.

Қазақстан автомобиль одағының дерегінше, 2023 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында отандық зауыттар 1,65 трлн теңгеге 136 909 көлік құралын шығарған.

Қазақстандықтардың 50%-ы ескі көлік мінеді, ал жаңа көлік үлесі 6% ғана

Сондай-ақ оқыңыз