Атақты Айканың қоластында істеген қыздар жауапкершілікке тартыла ма – ІІМ жауабы

Жарияланды
Айка ісі
ІІМ өкілі Айка тізіміндегілерді жауапқа тартуды қолдайтынын жеткізді / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Атақты жеңгетай қыз Айкаға қатысты сот үкімі шықты. Осыған орай оның қоластында қызмет еткен қыздар да жауапкершілікке тартылуы мүмкін бе? Бұл сұраққа Ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары Марат Қожаев жауап берді.

Журналистер резонанс тудырған Айка ісі бойынша, сот аяқталып, үкім шықққанын, оның сыбайласы да жауапкершілікке тартылғанын айтты. «Ендігі сұрақ оған жұмыс істеген қыздер жауапкершілікке тартыла ма?», – деп сұрады журналистер.

«Сот үкімі шыққанын бәріңіз білесіздер. Интимдік қызмет көрсеткен қыздар туралы айтар болсақ, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бір айта кететін жайт, әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі шектеулі. Сондықтан әр жағдайға әртүрлі жауапкершілік қарастырылуы мүмкін», – деді Қожаев.

Журналистер ІІМ өкілінен сол қыздардың клиенттерін де жауапкершілікке тарту мәселесіне қалай қарайтынын сұрады.

«Жеке менің көзқарасымды сұрап тұрсаңыздар айтайын, мен мұны қолдаймын», – деп жауап берді.

Айка тізімі

Айта кетейік, 2023 жылдың маусымында Ішкі істер министрлігі Алматыда тек ауқатты еркектерге «интимдік қызмет» көрсету мақсатында ашылған «жабық» әлеуметтік желіні анықтады. ІІМ әлеуметтік желінің басы-қасында жүрген 25 жастағы алматылық келіншектің ұсталғанын хабарлады. Тінту барысында Айка Мырзахметованың клиенттерінің есімі жазылған күнделік, жаңа және сатып алынған жылжымайтын мүлікке арналған құжаттар, салмағы 1,72 грамм синтетикалық «мефедрон» есірткі заты табылды.

Ол қыздарға «демеушілерді табуға», байлармен байланыс орнатуға уәде берген. Жабық әлеуметтік желіге қосылу құны 300 долларды құраған. Ол әр қыздың қызметінен түскен табыстың 40 пайызын иеленіп отырған.

ІІМ Қаржы мониторингі агенттігімен деректерді талдап, нәтижесінде Айканың жеңгетайлық еткеннен тапқан табысын есептеген. Оның қолма-қол ақша айналымы 2022 жылы 209 млн теңгені құраған.

Жақында осы резонансты оқиғаға нүкте қойылды. Сот үкімі шығып, Айка Мырзахметова 6,5 жылға сотталған. Ол ірі көлемде есірткі сақтаған және жеңгетайлықпен айналысқаны үшін жауапқа тартылды.

2023 жылдың мамыр айында ІІМ Айканың сөмкесінен ірі көлемдегі мефедрон есірткісін анықтаған. Сонымен бірге сот Мырзахметованың 2020–2023 жылдары материалдық пайда алу мақсатында пайдакүнемдік мақсатпен, бір топ адаммен бірігіп, қыздарға интимдік қызмет көрсеткені үшін жеңгейтайлық еткенін анықтаған.

Прокурор осы екі факті бойынша Мырзахметоваға 4 және 3,5 жыл бас бостандығына айыру жазасын сұраған. Сот екі қылмыс үшін жазаны біріктіріп, 6,5 жылға бас бостандығына айыру туралы үкім шығарған.

Сондай-ақ оқыңыз