Депутаттар геодезия және картография комитетінің таратылуын құптамады

Жарияланды
Депутат комитетті тарату салаға айтарлықтай салдарын тигізетінін айтады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор-Ахтам Зиперов

Мәжілісмен Бауыржан Смағұлов Геодезия және картография комитетінің жабылуына қарсылық білдірді.  «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелерінің атынан Премьер-министрге сауал жолдаған депутат геодезиялық қызмет елдегі су тасқыны кезінде өзінің тиімділігін көрсеткенін айтады.

«Геодезия және картография мемлекет құраушы негізгі салалардың бірі. Карталар мен геодезиялық есептеулер мемлекеттік басқаруда, елдің инфрақұрылымын дамытуда, қорғаныс және навигациялық қызметтерді көрсетуде шешімдер қабылдауда ең маңызды ақпарат болып табылады», – деді Бауыржан Смағұлов.

Оның пікірінше, геодезиялық қызмет еліміздің бірқатар аймақтарына көп мөлшерде су құйылған қиын жағдайда өзінің тиімділігін көрсетті.  Жүргізілген геодезиялық өлшеулердің арқасында облыстық штабтарға жедел берілетін су тасқынының визуалды схемалары мен деректері өңделіп отырды. Бұл қауіпті аймақтарды талдауға және анықтауға, қосымша қорғаныс құрылыстарын салуға және нығайтуға мүмкіндік берген.

«Осы саланың барлық айқын маңыздылығын ескере отырып, Үкіметтің ағымдағы жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті таратылды. Бұл шешім салаға айтарлықтай салдарын тигізеді, яғни мамандардан айырылып, барлық процестерді үйлестірудің әлсіреуіне әкеледі», – деді мәжілісмен.

Бауыржан Смағұлов комитеттің 2019 жылы құрылғанын, ал ол кезде геодезия және картография саласы қиын жағдайға жеткенін атап өтті.

«Меншік нысандарының жиі қайта құрылуы мен өзгеруі көптеген мәселелерге әкелді: ескірген координаттар жүйесі, деректердің құпиялылығы мен үйлеспеуі. Бұл проблемаларды шешпей, цифрлық және ақылды қалаларды, экологиялық және инфрақұрылымдық геомониторингтерді құру, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен елдің барлық салаларын геоқамтамасыз ету сияқты жобаларды одан әрі дамыту мүмкін емес»,- деді депутат.

Оның айтуынша, комитет құрылған күннен бастап маңызды, ең бастысы жүйелі жұмыстар атқарылған. Парламент қабырғасында картография мен кеңістіктік деректерді дамыту мәселелері бойынша заң талқыланып, қабылданды. Депутат кеңістік деректер бойынша инфрақұрылымдық жобаны іске асыру басталғанын да мәлімдеді.

«Бұл жұмысты саладағы нақты саясатсыз жүзеге асыру мүмкін емес, оны кем дегенде мамандандырылған құрылымдық бөлімше, ең дұрысы жеке мемлекеттік орган әзірлеуі керек. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, комитетті Министрліктің құрылымында сақтау немесе геодезия және картография мәселелері бойынша жеке Мемлекеттік орган бөлу қажет деп санаймыз», – деп түйіндеді депутат

Еске салсақ Үкімет басшысы 27-сәуірде Геодезия және картография комитеті республикалық мемлекеттік мекемесін тарату жөнінде қаулыға қол қойған еді.

Айта кетейік, Қазақстанда су тасқынын алдын ала ескертетін IT-шешімдер енгізіліп, hydro.gov.kz платформасы іске қосылады. Үкімет бұл салаға қатысты бірнеше IT-шешімдер әзірлеп жатыр. Біріншісі – жедел хабарлау және құтқару қызметтерін ТЖ аймағына жөнелтетін SKYMAX су тасқынының алдын алу жүйесі болса, екіншісі – тасқын сулардың өтетін жерлердің цифрлық карта-схемасы.

Сонымен қатар hydro.gov.kz платформасы әзірленіп жатыр. Бұл платформа су қорғау аймақтарында жер учаскелеріне бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе көмегімен әкімдіктер су қорғау аймақтарында орналасқан құрылыстарға тексеру жүргізіп, оларды жою немесе көшіруді қамтамасыз етеді. Су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда гидромониторинг күшейтіледі. Бұл мақсатта елде гидропосттар санын арттыру көзделген. Қазіргі уақытта қолданыста  377 гидропост бар. Оған қосымша жаңа 139 нысан қосылады. Бұл гибробекеттер су тасқыны қаупі бар аумақтар мен трансшекаралық өзендерде орналастыралады.

Сондай-ақ оқыңыз