Жаңалықтар

Nvidia сатылым көлемінің 262%-ға артқаны жайында есеп беріп, акциялар сплитін жасайтынын хабарлады

Nvidia акцияларының құны тарихи максимум – 1007 долларға жетті / Blackwell Nvid чиптері презентациясынан стоп-кадр

Nvidia компаниясының бірінші тоқсандағы пайдасы мен кірісі сарапшылар белгілеген мөлшерден асып түсті. Компания бөлшек сауда инвесторларына қолжетімді болуы үшін акциялардың бөлшектеніп сатылатынын (сплит) хабарлады. Есеп жарияланғаннан кейін NVIDIA акциялары кеңейтілген саудада 6%-ға қымбаттап, алғаш рет 1000 доллардан асып, басқа да жасанды интеллектіге арналған чип өндірушілері акциясының бағасына әсер етті.

Толығырақ

28 сәуірде аяқталған 2025 қаржы жылының бірінші тоқсанында Nvidia кірісі жылдық есепте 262%-ға өсіп, 26 млрд доллар болғаны көрсетілді. Ал бір акцияға шаққандағы түзетілген пайда 6,12 долларды құрады. «LSEG мәліметі бойынша, сарапшылар сатылым, шамамен, 24,65 млрд доллар, ал әр акциядан түсер пайда 5,59 доллар болады» деп болжаған дейді CNBC.

Тоқсандағы таза пайда 14,88 млрд долллар немесе бір акцияға 5,98 доллар болды. Салыстырар болсақ, былтыр NVIDIA-ның тоқсандық кірісі 2,04 млрд доллар немесе бір акцияға 0,82 доллар болған.

Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша, Nvidia сатылым көлемі 28 млрд доллар болады деп күтеді. Бұл болжам Уолл-стриттің межесінен жоғары. LSEG мәліметі бойынша, сарапшылар кіріс 26,61 млрд долларды құрайды деп күткен.

Nvidia өз есебінде форвардтық бөлшектеу туралы да айтты – әрбір қарапайым акция 7 маусымда онға бөлінеді. Акциялар 10 маусымда бөлшектеніп сатыла бастайды. Сонда акциялар «қызметкерлер мен инвесторлар үшін анағұрлым қолжетімді» болады дейді Nvidia. Сондай-ақ компания тоқсандық дивидендтерді бір акцияға 0,04 доллардан 0,1 долларға дейін арттырады. Бөлшектеуден кейін бір акция 0,01 доллар болады.

Контекст

Былтыр NVIDIA сатылымының көлемі күрт ұлғайды. Оған Google, Microsoft, Meta Platforms, Amazon және OpenAI сияқты компаниялардың NVIDIA процессорларын миллиардтаған долларға сатып алғаны себеп болған еді. Компания өндіретін жетілдірілген және қымбат чиптер жасанды интеллект қосымшаларын әзірлеп, енгізуге керек. Компанияның ең ірі және маңызды бизнесі – жасанды интеллект орналастыруға арналған чиптер. Сондай-ақ үлкен серверлерді басқаруға қажет көптеген қосымша компонентті қамтитын басқа да деректер орталығын сату. Деректер орталығының сегментіндегі кіріс, өткен қаржы жылының бірінші тоқсанымен салыстырғанда, 427%-ға өсіп, 22,6 млрд долларды құрады деп мәлімдеді Nvidia.

«Осы тоқсандағы үлкен оқиға Meta-ның LLM соңғы моделіндегі Lama 3-тің іске қосылғанын хабарлауы болды. Бұл құрылғыны жасағанда H100 графикалық процессорының 24 мың данасы пайдаланылды, – деді Nvidia қаржы директоры Колетт Кресс сарапшылармен сұхбат құрғанда. – Жаңа буынға жататын H200 Hopper және Blackwell процессорларына қатысты сұраныс ұсыныстан айтарлықтай асып кеткен және келер жылы да сұраныс ұсыныстан асып түседі деп үміттенеміз».

Биылдың өзінде компания жаңа чип шығара бастайды. Ол есептеу қуаты жағынан бұрынғы модельден әлдеқайда артық. Соған арналған чипі, микросхема топтамасы және бағдарламалық жасақтамасы бар Blackwell платформасы төртінші тоқсанда шығады.

«Биыл Blackwell-дің кірісі молаяды», – деді NVIDIA бас директоры Дженсен Хуанг сарапшылармен құрған сұхбатында. Сондай-ақ ол компанияның әлі хабарламаған жаңа чипті әзірлеу үстінде екенін айтты.

Сөйте тұра, кей сарапшылар қауіптенгенмен, Hopper-дің сатылымы төмендеген жоқ. Third Bridge сарапшысы Лукас Ке компанияның екінші қаржылық тоқсанға жасаған жалпы болжамын көргеннен кейін Hopper-дің болашағына оптимистік тұрғыда баға берді.

«NVIDIA-ның деректер орталықтарын сатудан түсетін табысының, шамамен, 50%-ы бұлтты серверлердің бірқатар ірі гиперскейлерінен келеді. Өйткені деректер орталықтарының құрылысы жалғасып жатыр және графикалық процессорларға деген сұраныс күрт тоқтайды-ау дейтін инвесторлардың көптен бергі алаңы сейілген сияқты», – деді Лукас Ке MarketWatch басылымына берген сұхбатына.

Акцияның жайы

NVIDIA акциялары негізгі сессиядан кейін жарияланған есептен соң кеңейтілген саудада 6,06%-ға, 1007 долларға дейін қымбаттады. Жыл басынан бері компания акцияларының құны 91,7%-ға, ал 12 айда 211%-ға жоғарылады.

MarketWatch деректері бойынша, Nvidia акцияларын бақылайтын 60 сарапшының жетеуі акцияларды ұстап отыруға, қалғаны сатып алуға кеңес береді. Акциялардың құнына қатысты консенсустық болжам – 1038,98 доллар, бұл 22 мамырдағы сауда жабылардағы бағадан 9,4%-ға жоғарылау деген сөз. Апта басынан бері есеп шықпай тұрып CFRA (1000-нан 1100 долларға дейін), Barclays (850-ден 1100 долларға дейін), Baird (1050-ден 1200 долларға дейін) сарапшылары Nvidia акциялары бойынша таргетті көтерді, ал Rosenblatt таргетті 1400 доллар көлемінде ұстап тұр, әзірге Уолл-стриттегі ең жарқын болжам осы.

Nvidia есебі ЖИ төңірегіндегі дүрбелең ауқымы кеңейе береді деген Уолл-стриттің сенімін нығайтты дейді MarketWatch. Сәрсенбі, 22 мамырдағы постмаркетте басқа да чип әзірлеушілер мен өндірушілердің акциялары қымбаттады. Advanced Micro Devices пен Broadcom 1,9%-ға, Marvell 2,3%-ға, Arm Holdings 3,2%-ға қымбаттады. Dell мен Super Micro сервер өндірушілері акциясының бағасы сәйкесінше 5,2%-ға және 4,2%-ға қымбаттады.