Жаңалықтар

Кірісі мен шығысы ескеріледі: атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетігі әзірленді

АӘК төлеу тетігі қалай өзгереді? Фото: kursiv.media, бильд-редактор:

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, АӘК төлеу механизмін өзгертпек. Бұл туралы министрліктің ресми сайтында жазылған.

Ведомствоның мәліметінше, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қазақстандықтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігін пысықтап жатыр. Бұл, шын мәнінде, мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға, оқу ақысы мен қосымша білім алуға, демалыс пен ойын-сауыққа, сауықтыруға, жиһаз, тұрмыстық техника заттарын сатып алуға, кредиттерді өтеуге және т.б. сияқты негізгі шығыстардың түрлерін ескеру жоспарланған», – делінген хабарламада.

Азаматтардың шығыстары туралы мәліметтерді алу үшін: Өнеркәсіп және құрылыс, Цифрлық даму, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, Ұлттық банктің және т. б. ақпараттық жүйелері интеграцияланады.

«Қазіргі кезде АӘК табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%- нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау; табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жастағы баланы қоса алғанда әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру; еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді көздейді», – делінген хабарламадан.

ҚР-да жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын келесі санаттағы тұлғалар ала алады:

  • ҚР азаматтары;
  • қандастар;
  • босқындар;
  • шетелдіктер;
  • ҚР-да тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар.

Өз кезегінде, ең төмен күнкөріс деңгейін өңірлер бөлінісінде тоқсан сайынғы негізде ҚР Ұлттық статистика бюросының органдары есептейді.

Еске сала кетейік, былтыр Қазақстан халық партиясының Мәжілістегі депутаттары атаулы әлеуметтік көмекті алып тастауды ұсынған. Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова АӘК-ті тоқтатуға болмайды деген.

«Бізде (көмек) алып отырған отбасылар бар. Онда жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар бар. Сондықтан оларға атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) беру керек. Алайда АӘК-тің механизмін жетілдіру бойынша депутаттармен бірге жұмыс істейміз», – деді экс-министр.