Қазақстанда банкрот болған 12 мың адамның 27 млрд теңге қарызы кешірілген

Жарияланды
Шығарушы редактор
Мемлекет 12 мың адамның қарызын кешірген / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанда 2023 жылдан бері 12 мың адам банкрот ретінде бекітіліп, олардың жалпы сомасы 27 млрд теңге болатын қарызы кешірілген. Бұл туралы Сенат кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты.

«Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша 24 бапқа өзгерістер енгізілді. Өзгерістер жеңілдік жағынан қарастырылған. 3 наурыздан бастап практикада қолданып, қандай проблемалар бар екенін көрдік. Солар бойынша құжаттардың кейбіреулерін алып тастау көзделген», – деді вице-министр Сенатта «Банкроттық туралы» заңды таныстырғаннан кейін. 

Оның сөзінше, жаңа өзгерістер қабылданған жағдайда екінші жарты жылдықтан бастап, жұмыс істей бастайды. Өзгерістерге сәйкес, енді «банкрот ретінде танылуды қалайтын» азамат тек арыз береді. Қосымша құжаттарды тапсырудың қажеті жоқ. Ол құжаттарды Қаржы министрлігі өзі тексеріп шығатын болады.

Айта кетейік, Сенат кулуарында сөз сөйлеген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов қазақстандықтардың 1,6 трлн теңгеге мерзімі өткен тұтынушылық несиелері бар екенін айтты.

«2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша тұтынушылық несиелердің жалпы сомасы 14,2 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде 90 күннен асқан, яғни мерзімі өткен несиелердің үлесі 1,6 триллион теңгені құрайды, бұл шамамен 12% төңірегінде», – деді Қизатов.

Агенттік өкілінің айтуынша, тұтынушылық несие алғандардың саны 8,4 млн адамды құрайды. Оның ішінде 90 күннен астам қарызын өтемеген 1,5 млн адам тіркелген.

Сенат «Банкроттық туралы» заңға енгізілген өзгерістерді Мәжіліске қайтарды.  Енді заңының жекелеген баптарын Мәжіліс жаңа редакцияда қайта қарайды.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, банк беретін қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс кредит алуын төмендету көзделген. Ол үшін Заңда кредиттер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кредит беруге тыйым салу қарастырылған. Сондай-ақ жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу шарасы енгізіледі. Өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша мерзімі өткен соң 90 күннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым салынады, ал мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде қарыз алушыға кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз