2024 жылы қанша оқушы мектеп бітіреді?

Жарияланды
Жалпы 2023-2024 оқу жылын 3,8 млн оқушы аяқтайды / Фото: kursiv.media

Осы жылы мектепті 186 000 түлек бітіреді. Бұл жайлы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Осы жылы 186 000 оқушы мектепті бітіреді. Оқу жылының ұзақтығы – 34 апта. 25 мамырда аяқталады. Алдын ала болжам бойынша, жаңа 2024-2025 оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан астам бала барады»,– делінген хабарламада.

Жалпы алғанда 2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам оқушы аяқтайды.

Айта кетейік, сәуірде Оқу-ағарту министрлігі биыл Қазақстанның барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылмайтынын хабарлады. Оның орнына барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған бірыңғай сынып сағаты өтеді деген. Оған елдегі су тасқыны мен 25 мамырдың демалыс күніне  сәйкес келуі себеп болған.

11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 19-22 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихандар аяқталғаннан кейін өтеді. Бұдан бөлек министрлік өкілдері 9-11-сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға және автомобильдермен шығуға тыйым салынатанын ескертті.

Кейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстанда мектеп бітіруші түлектер үшін 25 мамырда «Соңғы қоңырау» соғылатынын хабарлады. Министр түлектердің «Соңғы қоңырау» шарасын жоғары мәдениеттілікпен, ысырапшылдықсыз, даңғазалықсыз, рухани-адамгершілік деңгейінде өткізетіндеріне сенім білдірді. 

Оқу жылын аяқтауды сапалы ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша өңірлік білім басқармаларының басшыларына дербес жауапкершілік жүктелді.

Бұдан бөлек, ол 2023-2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталатынын қатаң ескертіп, оқу бағдарламаларын жыл бойына табысты меңгерген 3,8 миллионнан астам оқушыны келесі сыныпқа көшіруді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз