Жаңалықтар

«Қамбар-Ата ГЭС-1» жобасының құрылысына дайындық жұмыстары жыл соңында аяқталады

Қамбар Ата ГЭС
Қамбар-Ата ГЭС-1 қуатылығы 1860 МВт-ты құрайтын болады / Фото: kursiv.media

Қырғызстан «Қамбар-Ата ГЭС-1» жобасының құрылысына дайындық жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл жайлы Қырғызстанның Энергетика министрлігі хабарлаған.

«Бүгінде Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысына дайындық жұмыстары бірқатар жұмыстармен қатар жүргізілуде. Энергетиктердің басты мақсаты – жыл соңына дейін дайындық жұмыстарын аяқтау»,- делінген министрлік хабарламасында.

Бұл жобаға мемлекеттік мәртебе берілген. Себебі бұл гидроэлектростанция іске қосылған соң, елде энергия тапшылығы болмайды. Министрлік хабарлауынша, жобаның құрылысына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Министрлік станцияның құрылысына дайындық жұмыстарын екі жылға жоспарлаған. Бұл мерзім ішінде жолдар төселіп бетондалады. Көпір мен тоннель, жұмысшыларға арналған қалашық сынды құрылысқа қажетті нысандар салынбақ.

Бұл су электр станциясының қуаттылығы 1860 МВт-ты құрайды. Онда жылына 5,6 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілмек. Алдын ала болжам бойынша, су электр торабының биіктігі 256 метр, су қоймасының сыйымдылығы 5,4 миллиард текше метрден асады.

«Қамбар-Ата ГЭС-1» су қоймасы Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанның 34%, 33%, 33% үлестік қатысуымен салынатыны жайлы 2023 жылдың күзінде белгілі болды. Қырғыз тарапы «Қамбар-Ата ГЭС-1» тез арада іске қосылса, бұл Қырғызстан және Орталық Азия елдері үшін де тиімді болатынын мәлімдеді.

Бұл жоба компания құрылтайшыларының жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Яғни салынып біткеннен кейін, Қырғызстан сатып алатын Қамбарата ГЭС-1 құрылысын Қазақстан Өзбекстанмен бірге қаржыландырады. Сондай-ақ құрылтайшылар халықаралық қаржы институттары мен коммерциялық банктерден қарыз алуға құқылы. 

Жекелеген келісімдерде немесе жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін бекіту қорытындылары бойынша осы келісімге толықтырумен айқындайтын және келісетін болады. Жобаны іске асыру кезеңі аяқталғаннан кейін, Қамбар ата ГЭС-1 акциялары мен активтері толығымен Қырғызстанның меншігіне өтеді. 

Айта кетейік, Дүниежүзілік банк Қырғызстандағы Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысына 500 миллион доллар бөлуге дайын. Бұл туралы 5 наурызда елдің энергетика министрі Таалайбек Ибраев мәлім еткен.