Республика резервінен 8,1 млрд теңге бөлінді: биыл шегірткемен күреске өткен жылғыдан екі есе көп қаражат жұмсалмақ

Жарияланды
шегірткемен күрес
Биыл шегірткемен күреске өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көбірек ақша бөлінген / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Денис Андреев

Биыл үйірлі шегірткемен күресу үшін республикалық резервтен 8,1 млрд теңге бөлінген. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дархан Әбдікәрімов айтты.

Комитет басшысының айтуынша, биыл елдің 2,5 млн га алқабында табын шегірткелері таралады деп болжанып отыр.

«Қазақстанда шегірткенің 270-тен астам түрі мекендейді. Оның ішінде 10-15 түрі өте қауіпті. Бұл зиянкестердің ішінде ең қауіптісі – азиялық, мароккалық және итальяндық прус шегірткелері. 2024 жылы бұл шегірткелер елдің 2,5 млн га алаңына таралуы мүмкін. Оның ішінде азиялық шегіртке – 186 мың га және Марокко шегірткесі – 281 мың га таралады деп күтілуде»,- деді Әбдікәрімов.

Ол сонымен бірге зиянкестер ең көп таралған облыстарды атады. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында – 784 мың га, Қостанай облысында – 776 мың га және Түркістан облысында – 271 мың га жерге шегіртке тарауы мүмкін.

АШМ олармен күресуге 427 бірлік арнайы бүрку техникасы мен 56 аэрозольді генератор, 36 аса жеңіл авиация кемелерін, 36 ұшақ, 2 ұшқышсыз авиация кемесін жұмылдырмақ.

«Бұл шараларға 4,2 млрд теңге дайындағанбыз. Биыл шегіртке көп болуы мүмкін. Соған байланысты Үкімет резервінен қосымша 3,9 млрд теңге бөлінді. Сонда үйірлі шегірткемен күресу үшін республика резервінен 8,1 млрд теңге жұмсалады. Қазіргі уақытта шегірткелермен күресу үшін 2,46 мың га алаңда өңдеу үшін пестицидтер сатып алынды. 2,2 млн га алаңға химиялық өңдеу бойынша қызметтерді сатып алу бойынша шарттар жасалды. Пестицидтер Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, барлық өңірлерге жөнелтілді. Бұл өңірлерде шегірткелердің шығуы әлі байқалған жоқ»,– деді спикер.

Байқасақ, Үкімет шегірткемен күреске қаражатты жылдан-жылға көптеп бөліп жатыр. Мәселен, 2022 жылы шегірткемен күреске 2,5 млрд теңге бөлінген. Ал 2023 жылы республикалық бюджеттен табын зиянкестерімен күресуге пестицидтерді сатып алуға, сақтауға, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерге 3,8 млрд теңге жұмсалған. Ол жылы Ақтөбе мен Қостанай облыстарының егістіктерін шегіртке басты. Қостанай облысында зиянкестердің күрт көбеюінен 4,6 млн гектарды құрайтын егіс алқабының 500 гектары зардап шеккен.

Сол кезде АШМ басшысы болған Ербол Қарашөкеев зиянкестердің күрт көбеюіне «күннің белсенділігі» әсер еткенін айтқан еді. Ол сонымен бірге 2024 жылы да шегірткенің көп болатынын болжады.

«Әрбір 11 жыл сайын шегірткелердің таралуының осындай шарықтау шегі болады. Биыл осындай кезең. Келесі жылы да шегіртке көп болады. Мұндай кезеңде шегірткенің таралуы он, жиырма есеге көп болады. Бір шегіртке, шамамен 100 немесе 1000 жұмыртқа сала алады», – деп мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз