TikTok тікелей трансляцияларды монетизациялау ережесін өзгертеді

Жарияланды
tiktok
TikTok тікелей трансляцияларды монетизациялаудың жаңа ережелерін ұсынды / Фото: Pixabay.com

TikTok тікелей трансляцияларды монетизациялаудың жаңа ережелерін енгізеді. Бұл жайлы TikTok компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

«TikTok тікелей трансляцияларды монетизациялауды реттейтін жаңа ережелерді, сондай-ақ стримерлерге қауіпсіз және позитивті тікелей эфир жасауға көмектесетін ресурстарын енгізеді»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Компания хабарлауынша, 2024 жылдың 23 мамырынан бастап TikTok платформасында орыс және қазақ тілдерінде қолжетімді тікелей трансляцияларды монетизациялаудың жаңа ережелері күшіне енеді және білім беру ресурстары да пайда болады.

Жаңа ережелерге сәйкес стримерлер TikTok LIVE трансляциялары кезінде, мазмұны сапасыз контент ұсынса немесе түпнұсқа емес контент ұсынса, ондай эфирлер үшін сыйақы төленбейді. TikTok осы ереже талаптарын бұзған қолданушыларға алдын-ала ескерту жібереді.

TikTok сонымен қатар жаңа стримерлерге тікелей эфирге қол жеткізуге мүмкіндік беруді көздеп отыр. Тікелей эфирге шығу үшін қолданушылардың жасы 18-ден жоғары болуы керек әрі есептік жазбалары белгілі бір критерийлерге сай болуы керек.

«Біз бұл жаңартулар көрермендер үшін де стримерлер үшін де позитивті және қауіпсіз тікелей эфир тәжірибесін қамтамасыз етуге көмектесетініне сенімдіміз. Стримерлердің басым көпшілігі біздің қауіпсіздік ережелер мен монетизациялау жөніндегі нұсқауларымызды орындап келеді. Біз тікелей эфирді модерациялауға арналған ресурстарды, құралдарды және процестерді жақсартуды жалғастырамыз», – деп хабарлады компания.

Сонымен бірге компания бұл жаңартулардың TikTok компаниясының тікелей эфир қауіпсіздігін нығайтуға және мазмұн сапасын жақсартуға бағытталғанын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, 22 сәуір күні Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде Тик-Ток платформасын бұғаттау мәселесі қаралатынын мәлімдеді. 

«(Tik-tok) бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Шынымен де, қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзушылық фактілер өте көбейіп кетті. Оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етеді. Әлбетте, осындай шараларды қабылдауға болады», – деді Аида Балаева.   

Ал бұған дейін Сенат отырысында депутат Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады. Айтуынша, бұл платформа балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп жатыр.

Сондай-ақ Қазақстан үкіметі TikTok пен Meta қосымшаларын пайдалануға қатысты жаңа талаптар қоятынын хабарлаған едік. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр қазір Қазақстан TikTok платформасын реттеу және пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибені зерттеп жатқанын айтты. Осы орайда үкіметте желіні ұлттық ерекшеліктерге сай бейімдеу мақсатында арнайы жұмыс кеңестері өткізіліп тұрады.  

Сондай-ақ оқыңыз