Жаңалықтар

ЕАЭО елдерінен келген азаматтардың заңды тұлға ретінде тіркелуі қиындаған

ЕАОЭ елдерінен келген шетелдіктер заңды тұлға ретінде тіркелу үшін бизнес-иммигрант ретінде уақтытша тұру рұқсатын алуы керек / Фото: kursiv.media

ЕАЭО елдерінен келген шетелдіктер Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелуі үшін бизнес-иммигрант ретінде уақытша тұру рұқсатын алуы керек. «Халықтың көші-қоны туралы» заңына осындай өзгерістер енгізілген.

Атап айтқанда Ресей, Қырғызстан, Армения, Белоруссия, Әзербайжан, Тәжікстан елінен келген азаматтар Қазақстанда жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркеу үшін уақытша тұруға рұқсат алуы керек болады. Ол үшін әкімдік берген арнайы құжатпен Халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе көші-қон қызметіне жүгіну қажет. Сонымен бірге құжатты eGOV порталы арқылы да алуға мүмкіндік бар.

Құжатта елде тұруға ыхтиярхаты бар иммигранттарды қоспағанда, кіру визасын немесе уақытша тұруға ықтиярхатын алмаған шетелдіктерге заңды тұлға ретінде тіркелуге, сондай-ақ коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуға тыйым салынатыны жазылған.

Яғни елде тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер бизнес-иммигрант ретінде уақытша тұруға рұқсат алмай-ақ заңды тұлғаны тіркей алады.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңға енгізілген бұл өзгерістер 2024 жылдың 28 мамырынан бастап күшіне енеді.

Сонымен бірге «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына тағы да өзгеріс енгізілген. Ол 2024 жылдың 17 шілдесінен күшіне енеді. Оған сәйкес шетелден келген заңды және жеке тұлғалардың көші-қон заңнамасын бұзуын бақылау тетігі енгізілген. Көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау аумақтық ішкі істер органына, яғни көші-қон қызметтеріне жүктеледі. Олар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын және шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын жеке және заңды тұлғаларды жоспардан тыс тексере алады.

Іс жүзінде шетелдіктің тіркелген жері бойынша тұрғылықты жері немесе шетелдік азаматтар жұмыс істейтін жері, кеңсесі тексерілуі мүмкін.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың наурызында Ішкі істер министрлігі қос азаматтығы бар 9 адам анықталып, шетелдіктерге елде тұруға берілген 113 ықтиярхат күшін жойғанын хабарлады. Көші-қон заңнамасын бұзғандарды елден шығару туралы 850 сот шешімі шығарылып, 121 шетелдік елден мәжбүрлеп шығарылған. Барлық депортацияланғандарға бес жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынады. Іздеуде жүрген 37 шетелдік ұсталған.