Енді алатын несие 3,7 млн теңгеден асса, жұбайының рұқсаты керек болады

Жарияланды
Банктер мен микроқаржылық ұйымдарда АХАЖ базасы болады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов 

Алдағы уақытта жеке тұлғаның қаржы ұйымдарынан алатын несиесінің көлемі 3,7 млн теңгеден асатын болса, онда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі болуы міндетті. Бұл жайында Сенат депутаты Сергей Карплюк айтты.

Айта кетейік Сенатта қаралған кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту туралы заңда жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу нормасы ескерілген. Сенатор Сергей Карплюк несие рәсімдеу кезінде қандай жағдайда жұбайының рұқсаты керек болатынын түсіндіріп берді.

«Енді ерлі-зайыпты кредит алуды жоспарласа, 3,7 млн теңге несие (1 мың АЕК, 1 АЕК – 3 692 теңге) алған жағдайда, екеуінің де келісімі керек. Cондай-ақ кредитті төлеу мерзімін 90 күннен кешіктірсеңіз, онда сізге банк те, микроқаржылық ұйым да несие бермейді. Бұл шаралардың барлығы халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендетуге бағытталған», – деді депутат.

Сенатордың мәліметін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов толықтырды.

«Нормативті-құқықтық актінің жобасында алдын ала 1000 АЕК (1 АЕК – 3 692 мың теңге) деңгейінде болуы керек деп белгіледік. Бұл – шамамен 3 млн 700 мың теңгені құрайды. Біздің ойымызша, бұл сома қандай да бір шұғыл қажеттілікті жабуға жетеді. Оның ішінде медициналық көмек мәселесін де шеше алады», – деді Сенатта болған баспасөз мәслихатында.

Агенттік өкілінің айтуынша, қомақты сомадағы несиені алу кезінде ерлі-зайыптылардың өзара келісімінсіз кредит беруге тыйым салу нормасы алаяқтық операцияларды азайтуға бағытталған.

«Екіншіден, неге 1 мың АЕК деп көрсеттік. Салық кодексі аясында 2025 жылдан бастап «Қазақстанның барлық азаматы 1 мың айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын активін табыс декларациясында көрсетуі керек» деген норма күшіне енеді. Оның ішінде шетелдік банктердегі есепшоттарда сақталған қаржы да бар. 1 мың АЕК міндетті түрде декларацияда көрсетілуі керек. Келісім (несиенің мөлшері) 1 мың АЕК-тен (3,7 млн теңге) асқанда керек», – деді агенттік төрағасының орынбасары.

Айта кетейік Сенат жұбайының рұқсатынсыз несие беруге тыйым салатын заңды Мәжіліске қайтарды.  Енді заңының жекелеген баптарын Мәжіліс жаңа редакцияда қайта қарайды.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, банк беретін қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс кредит алуын төмендету көзделген. Ол үшін Заңда кредиттер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кредит беруге тыйым салу қарастырылған. Сондай-ақ жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу шарасы енгізіледі. Өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша мерзімі өткен соң 90 күннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым салынады, ал мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде қарыз алушыға кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қарастырылған.

Айта кетейік Қазақстанда 1,5 млн астам адамның несиесін уақтылы төлеуге шамасы жетпей жүр. ҚНРДА екінші деңгейлі банк, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлардың балансында 90 күннен кешіктірілген қанша проблемалық қарыз бар екенін анықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз