Стендап-комик сахнада әдепсіз сөйлеп, блогерді қорлағаны үшін 15 күнге қамалды

Жарияланды
Шығарушы редактор
Стендап-комик блогерді қорлағаны үшін 15 күнге қамалды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Стендап-комик Нұрасхан Басхожаев сахнада әдепсіз сөздер айтып, блогер Мадленді қорлағаны үшін 15 күнге қамалды

Сот ақпаратына сүйенсек, Басхожаевқа ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылған.

«Сот анықтағандай, айыпталушы ойын-сауық мекемесінде стендап көрсету кезінде жиналғандарға қатысты әдепсіз сөздер айтып, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзған», – делінген сот хабарламасында.

Басхожаев өз кінәсін толық мойындап, іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растаған.

Сот оның кінәсі дәлелденгенін растап, оны 15 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындаған.

Айта кетейік, екі миллион жазылушысы бар қазақстандық блогер Мадлен стендап-комик Нұрасхан Басхожаевты Алматыдағы Central stand up Club алаңында айтқан әзілдері үшін сотқа шағымданатынын жазған.

Стендап-комик Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық және Дубайдағы эскорт қызметі туралы әзілдеп, өз әзілінде Мадленнің атын атаған.

«Одан әрі «ақша ұрлап», бәрін Дубайға «аударып», содан кейін Мадлен сияқты  блогерлерді Дубайға «шақырып», олармен «көңіл көтеріп», Қазақстанның солтүстігін су басқынын тамашалап отыра аласыз. Мұны әзілмен аяқтау керек, бірақ оны әзірге ойлап тапқан жоқпын», – деді стендапер.

Енді Қазақстанда өнер қайраткерлері мәдени іс-шаралар кезінде жөнсіз мінез-құлық танытса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуі мүмкін.

Реттеушілік әсерді талдау жобасы ретінде ұсынылған бұл құжатта өнер қайраткерлеріне қатысты талаптарды күшейту мәселесі көзделген. Атап айтқанда, әртістерді лайықсыз мінез-құлық көрсетсе, мәдени-көпшілік іс-шара барысында балағат сөздер айтса, алкогольдік ішімдіктер ішсе, алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде шықса, сондай-ақ психотроптық заттарды, олардың аналогтарын және прекурсорларды пайдаланса, жауапкершілікке тарту ұсынылған.

Сонымен бірге, Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл құжатты әзірлеуіне 2022-2024 жылдары шетелдік және отандық әртістердің қатысуымен өткен және Қазақстан аумағында концерттерді ұйымдастырушыларға қатысты жанжалды оқиғалардың үлкен қоғамдық резонанс тудырғаны себеп болған.

Министрлік жеке тұлғаларға айыппұлды 150 АЕК (553,8 мың теңге), заңды тұлғаларға 300 АЕК (1,1 млн теңге) көлемінде белгілеуді көздеп отыр. Егер бір жыл ішінде осындай бұзушылық қайталанса, жеке тұлғаларға 200 АЕК (738,4 мың теңге), заңды тұлғаларға 600 АЕК (2,2 млн теңге) көлемінде айыппұл салынбақ.

Сондай-ақ оқыңыз