«Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» таза табысының 70%-ын «Бәйтерек» холдингіне дивиденд ретінде төлемек

Жарияланды
Былтыр «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» 41,85 млрд теңге мөлшерінде табыс тапқан / коллаж kursiv.media (kapital.kz/Руслан Пряников, baiterek.gov.kz и shutterstock), бильд-редактор: Денис Андреев

«Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ Қазақстан қор биржасына оның жалғыз акционерінің 2024 жылғы 15 мамырдағы шешімін хабарлады.

Құжатқа сүйенсек, былтыр акционерлік қоғам 41,85 млрд теңге мөлшерінде таза табыс тапқан. Енді компания бұл қаражатты екіге бөлмек. Атап айтқанда бір бөлігін дивиденд төлеуге жұмсап, қалғанын компанияның иелігінде қалдырмақ.

«Жалғыз акционер, соның ішінде келесі шешімдерді қабылдады. Компанияның 2023 жылға аудиттелген қаржылық есептілігі бекітілсін. Компанияның 41,85 млрд теңге мөлшеріндегі 2023 жылдағы таза табысын бөлудің мынадай тәртібі бекітілсін: 29,3 млрд теңге дивиденд төлеуге бағытталсын; 12,6 млрд теңге компанияның иелігінде қалдырылсын», – деп жазылған АҚ-ның Қазақстан қор биржасына ұсынған құжатында.

Айта кететіні, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясының» жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингі. 2022 жылы Қазақстан тұрғын үй компаниясының төлеген дивиденді 31,3 млрд теңгені құраған. 2023 жылы 116,7 млн теңге көлемінде кредит берген.

Былтыр 139,6 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алған. Бір облигацияның құны -1 000 теңге. Жалпы 139,6 млн дана облигация сатып алынған. Тұрғын үй компаниясының жергілікті әкімдіктерден сатып алынған облигацияларының өтеу мерзімі – 2024-2025 жылдар.

Компания бұған дейін еліміздегі үлестік құрылысқа қатысты бар тұрғын үйлердің 68%-ы заңсыз салынғанын жариялаған болатын.

«Бәйтерек» холдингі тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 839 млрд теңгеге әкімдіктердің облигацияларын сатып алмақ. Бұл қаржыға 7,6 млн шаршы метр әлеуметтік тұрғын үй салынады.

Сондай-ақ оқыңыз