Сенат кулуарында БАҚ өкілдері Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтан елдегі литий өндірісі туралы сұрады.
Оңтүстік Корея геологтары 2025 жылы Шығыс Қазақстанда аталған металл түрін өндірмек. Олар мұнда литийді қайта өңдейтін зауыт аша ма? Әлде шикізатты толық алып кете ме? Бұл ретте жері кенге бай Қазақстан нарықтан өз үлесін ала ма, әлде түксіз қала ма? Тілшілердің бұл сұрақтары министрді біраз састырды.
«Қазір барлық жұмыс заң аясында жүргізіліп жатыр. Компаниялар геологиялық барлауға лицензия алу үшін өтініш береді. Кенді тапса, оны өндіре алады. Бұл ретте Аустралия мен Чили осы бағатта қалай жұмыс істейтінін түсінейікші. Чилиде өндірілетін литий концентраты немесе Аустралияда өндірілетін қатты литий қайта өңдеу үшін өзге елге жеткізіледі. Себебі батарейкалар нарығы өте шағын және мамандандырылған. Сондықтан өндірушілерге басқа елмен келісімге келуге тура келеді», – деп тұспалдады министр.
Оның айтуынша, Қазақстанға Корей компанияларымен келісу оңайырақ болады. Себебі әлемдегі ең ірі автокөлік батарейкаларын өндіруші осы елдің компаниясы. Кореядан келген мамандар технологиялармен алмасады.
Еске сала кетсек, Оңтүстік Корея геологтары Қазақстанда құны 15,7 млрд доллар болатын литий кен орнын тапқан.
The Korea Times басылымының ақпаратына сүйенсек, Сеулдегі халықаралық форумда институт қызметкерлері кен орны Шығыс Қазақстандағы 1,6 шаршы шақырымдық пегматит алаңынан табылғанын хабарлады.
Бұрын бұл маңайда тантал өндірілген. Әдетте литий тантал өндірілген аймақта болады. KIGAM компаниясы Қазақстан Үкіметінің өтініші бойынша бұл аймақты өткен жылдың мамыр айынан бастап зерттеп келеді.