Жаңалықтар

Машкевич, Шодиев және Ибрагимовке тиесілі компания дивиденд төлеуге табысының бар болғаны 0,4%-ын бөлмек

Қазхром дивиденд
Дивиденд: биржада оның нақты сомасы жазылмаған/ Фото: shutterstock

Еуразиялық топтың (ERG) құрамына кіретін «Қазхром» металлургиялық трансұлттық компаниясы 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары үшін қарапайым және артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдады.

Бұл мақсатта компания 439,8 млн теңге жұмсамақ. Компанияның есепті кезеңдегі таза пайдасы 99,5 млрд теңгені құрады. Осылайша, «Қазхром» дивидендтер төлеуге жалпы табысының 0,4%-ын бөледі.

«Акциялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми  тізімінде тұрған «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» АҚ 2023 жылдың 1 қаңтары мен 30 қыркүйегі аралығындағы кезеңде дивидендтер төленетіні туралы хабарлады», – деп жазылған KASE сайтында жарияланған құжатта.

Биржадағы құжатта дивидендтердің нақты сомасы жазылмаған. Алайда 109,13 млн-ды 4,03 теңгеге көбейтсек – 439,8 млн теңге шығады.

Осылайша«Қазхром»:

  • 2024 жылдың 6 маусымынан бастап қарапайым акциялары бойынша бір акцияға  4,03 теңге мөлшерінде;
  • 2024 жылдың 4 маусымынан бастап артықшылықты акциялары бойынша бір акцияға 4,03 теңге мөлшерінде дивиденд төлемек.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда «Қазхромның» таза кірісі 392 млрд теңгеден төрт есеге азайды. Бұл негізінен қаржылық шығындардың ұлғаюына, сондай-ақ операциялық және жалпы пайданың екі еседен астамға қысқаруына байланысты болды. 2023 жылдың басынан бері компанияның активтері 14,3%-ға өсіп, 1,14 трлн теңгеге жетті. Міндеттемелері шамамен 7 млрд теңгеге, меншікті капиталы 1,5 есеге өсіп, 303,5 млрд теңгеге жетті.

«Қазхром» 1995 жылы 20 қазанда тіркелген. Қаржы есебіне сәйкес, «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның тікелей бас компаниясы – Нидерландыда тіркелген KCR International B.V. Ал түпкі компаниясы – Eurasian Resources Group S.à r.l. ( «ERG») Люксембургте тіркелген. ERG-дің түпкі иелері: ҚР Қаржы министрлігі – 40%, Александр Машкевич және Ибрагимовтар отбасы – 20,7%, Патох Чодиев –18,6% пайыз акциясына иелік етеді.

Топтың негізгі қызметіне хром және марганец рудасын өндіру, хром рудасын сату, ферроқорытпаларды өндіру мен сату кіреді. Топтың өндірістік активтері Қазақстан Республикасында орналасқан. Оның құрамында Дөң тау-кен байыту комбинаты және «Ақжар-хром» компаниясы бар.