Алматы әуежайы маңындағы жерлердің заңсыз жолмен жекеменшікке өтуіне кім жауапты – қала әкімдігі түсіндіріп берді

Жарияланды
Алматы әуежайы маңындағы 17,4 гектар жер әкімдік балансына қайтарылады /Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Зиперов Ахтам

Билік әуежай маңында заңсыз салынған үйлер мен учаскелерді қайтарып алу шараларын жүргізіп жатыр. Мысалы, 2023 жылдың мамыр айында Авиация комитеті елдегі әуежайлардың маңынан 1200-ден астам жер учаскесінің заңсыз берілгенін, онда 900-ден астам ғимарат тұрғызылғанын мәлімдеді. Заңсыз берілген учаскелер Алматы әуежайы маңынан да анықталды. Осы жерлердің қалайша жекенің қолына өткенін білу үшін «Курсив» Алматы қаласы әкімдігіне сауал жолдаған болатын.

Алматы әуежайы

Әкімдік хабарлауынша, жалпы әуежай маңында тұрғын үй объектісін салу жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес, жүзеге асырылуға тиіс. Ол үшін міндетті түрде азаматтық және әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдардың рұқсаты керек.

Яғни Алматы әуежайы маңындағы жер учаскелерін беру кезінде жергілікті атқарушы орган осындай қатал талаптарды ескеруі тиіс болған. Алайда жер учаскелері заңсыз жекенің қолына өтіп кеткен. Қала әкімдігі бұл жерлердің жекенің қолына өтуіне өздерінің еш қатысы жоқ екенін жеткізді.

«Әуежай маңындағы жер учаскелері Алматы қаласының әкімдігімен жекеменшікке берілмегенін хабарлаймыз. Қолданыстағы жер учаскелерін Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала ауылдық округінің жергілікті атқарушы органымен меншік иелеріне берілген», – делінген жауапта.

«Курсив» бұл мәселені көтеріп, Көлік министрлігіне қарасты Авиация комитетіне де сауал жолдады. «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» де әуежай маңындағы жерлердің қатаң талаптарға сай талданып, берілуі керек екенін айтты.

«Әуейлақ маңы аумағында ғимарттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 504 Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларының талаптарын ескере отырып салыну қажет. Бұл қағидалар бойынша жоғарыда аталған аумақта салынатын ғимараттар ұшу қауіпсіздігіне қалай әсер ететіні бағаланады. Бұл ретте жер учаскесін бөлу, тиісті құрылыс салуға рұқсат беру жергілікті атқарушы органдар құзыретінде. Сонымен қатар әуеайлақ маңындағы аумақта жергiлiктi атқарушы органдар ұшу қауiпсiздiгiне төнетін қатерлерге жол бермеуге байланысты объектiлердiң рұқсат етiлетiн шектi биiктiктерiн немесе қызметтерді шектей отырып, жердi аймақтарға бөлудi қамтамасыз етуі тиiс», – делінген жауапта.

Сонымен қатар комитет аймақтарға бөлу кезінде әуежайлардың айналасындағы санитарлық-қорғау аймақтары ескерілуі, адамдардың денсаулығына теріс әсер ететін факторлар болған жағдайда тұрғын үйлер мен басқа да объектілерді орналастыруға жол берілмеу қажет екенін ескертеді.

Шымкент әуежайы

Жердің заңсыз берілу жағдайлары Шымкент әуежайы маңындағы учаскелерде де кездескен. 2023 жылы депутаттар осы мәселені көтеріп, вице-премьер Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдаған болатын. Вице-премьер жауабында бұл жерлердің қалай да мемлекет меншігіне қайтарылатынын, олардың заңсыз берілгенін мәлімдеген болатын.

Дүйсенова Шымкент қаласының әуежайына жақын орналасқан 51 заңсыз объектіні заңдастыру мәселесі сот тәртібімен қаралатынын жеткізді.

«Шымкент қаласының әуежайына жақын орналасқан 51 заңсыз объектіні заңдастыру мәселесі сот тәртібімен қаралуға тиіс. Меншік иесінің келісімімен мүлікті тең мөлшерде өтеу шартымен немесе сот шешімі бойынша жер мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуы мүмкін. Тең мөлшерде өтеу бағалау жүргізілгеннен кейін басқа мүлік беру немесе иеліктен шығарылатын жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын өтеу жолымен жүргізіледі», – деп жауап берген вице-премьер.

Авиациялық комитет те бұл мәселенің жергілікті атқарушы органдардың құзыретімен шешілетінін, заңды жолмен алынған жерлердің өтемақысы төленетінін мәлімдеді.

«Берілген жер учаскелері және оларда орналасқан объектілер заңды болса, онда өтемақы төлеу арқылы жер учаскелерін көлік мұқтажы үшін иеліктен шығару арқылы ғана қайтаруға болады. Бұл мәселелерді шешу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады», – делінген комитет жауабында.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың мамыр айында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев әуежай комиссиясының келісімінсіз елдегі аэродромдардың маңында 100 мыңнан астам түрлі нысан салынғанын айтқан болатын.

Сонымен бірге Алматы қаласының әкімдігі 2024 жылдық ақпан айында ауданы әуежай маңындағы 17,4 гектарды құрайтын 104 жер телімін қала балансына қайтарып алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Бұл жайлы вице-премьер Роман Склярдың депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған. Сонымен бірге ол Шымкентте де санитарлық-қорғау аймағында орналасқан 307 жер телімі мемлекетке қайтарылатынын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз