Қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты петицияны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комиссия талқысына ұсынады

Жарияланды (жаңартылды )
Қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты петицияны қарауға қажетті қол жиналды/ shutterstock

E-Petition.kz ресми порталында жарияланған қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты петицияны қарауға қажетті қол жиналды. Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің  90-4-бабына сәйкес 50 000 қол жиналған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды. Бұл жайында Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

«ҚР ӘРПК-нің 90-5-бабына сай, келіп түскен өтініш оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралады. Петицияны қарау барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комиссияның жұмысын ұйымдастырады, оған мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Петицияда көтерілетін мәселелер осы комиссия шеңберінде, заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады», – деп хабарлады аталған ведомство.

Бүгін, 24 мамырда, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утиль алымды алып тастау мәселесі қаралып жатпағанын айтқан еді.

«Петицияға жеткілікті деңгейде қол қойылса, заңда белгіленген тәртіпте Үкімет халықтың талаптарын талқылайды», – деген еді министр Сенатта.

Шарлапаев қазақстандық кәдеге жарату зауыттарының мүддесін де ескеруге тиіс екенін айтты. «Кәсіпорындардың мүддесін қорғау – менің тікелей міндетім. Лоббизм жасады деу орынсыз. Қазақстан өнеркәсібінің дамуына жағдай жасауымыз керек», – деді министр.

100 мыңға жуық автокөлік кәдеге жаратылған

Утильалым мөлшері 2022 жылы екі есе төмендетілген. Халық бұған риза бола қойған жоқ. Өйткені ставканы екі есе түсіру автонарықтағы жағдайды жеңілдетпеді.

«Жасыл Даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбаевтың мәліметі бойынша Қазақстанда 100 мыңға жуық  көлік кәдеге жаратылған.

БАҚ өкілдері Экология министріне Қазақстандағы кәдеге жарату зауыттарының ешқайсысы жұмыс істемейтінін айтты. Журналистер соның өзінде азаматтардан утиль алым ақысын жинау әлі жалғасып жатқанына назар аударды.

«Зауытқа келетін болсақ, бүгінде тиісті органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Оны мемлекет меншігіне беру жұмыстары жүргізуде. Алдағы уақытта оның тағдыры шешіледі деп айта аламын. Қара металл сынықтарын жинау және өңдеу бойынша монополиялардың болмауын көздейтін жаңа кәдеге жарату бағдарламасын әзірлеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінде біз кәдеге жаратумен, яғни көліктер мен арнайы мақсаттағы техникамен айналысатын тиісті мамандандырылған кәсіпкерлік субъектісіне нарыққа кіруіне мүмкіндік береміз»,– деп жауап берді Ерлан Нысанбаев.

Сондай-ақ оқыңыз