Ақпарат құралдары Украинадағы соғыста Қазақстан азаматы қайтыс болғанын хабарлады

Жарияланды (жаңартылды )
Оның «Қазақ» деген лақап аты болған /Фото: Украина Новости

Украинадағы соғыста Қазақстан азаматы қайтыс болды, деп хабарлайды ресейлік «Медиазона» басылымы.

Ресейдің Верхний Бугалыш ауылында Украинада қаза тапқан мотоатқыштар батальонының атқышы Данил Ермоленко жерленді. Аудан басшылығы жерлеу рәсімінен фотосуреттерді ВКонтакте желісінде жариялаған.

Ермоленко 2006 жылы дүниеге келген жас сарбаз екен. Ол 6 сәуір күні Украинаның Донецк облысындағы Бердычи ауылын басып алуға қатысқан. 

Ермоленконың ағасы оның Кузбасстағы Юрга қаласында орналасқан 74-ші жеке гвардиялық мотоатқыштар бригадасында қызмет еткенін айтқан. Оның «Қазақ» деген лақап аты болған. Ғаламторға таралып кеткен жеке деректер бойынша оның Қазақстан азаматы екені, Ақмола облысының Бурабай ауылындағы емханада тіркеуде болғанын белгілі болды.

Қазақстан Үкіметі азаматтарын Украина мен Ресей соғысына қатысуға тыйым салынатынын, ондай дерек анықталса, жазаға тартылатынын  ескертті.

Бұған дейін СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей абақтысына қамалған Қазақстан азаматтарын Укаринадағы соғысқа қатысуға үгіттеп жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Смадияров Ресей түрмелерінде отырған Қазақстанның бірде-бір азаматы Украинадағы соғысқа жіберілмегенін айтты.

Айбек Смадияров Қазақстан азаматтарын сақ болуға шақырды.

«Әлеуметтік желіде немесе Telegram-дағы арналарда Ресейде жұмыс істеу туралы ұсыныс келіп жатса, оны мұқият тексеріңіздер. Қауіпсіздікті ойлаңыздар», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз