Бұқтырма су қоймасы Қытайдан 10 млрд текше метр су қабылдай алады – Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жарияланды (жаңартылды )
Қытайдан Бұқтырмаға су құйылуда / kursiv.media

Қазақстан Қытайдан келетін суды қабылдау үшін дайындалуда. Боран гидробекеті аумағындағы Қара Ертіс өзенінен секундына 1800 текше метр екпінмен су ағып жатыр. Өзендегі су деңгейі – 557 см.

Өскемен су қоймасынан (Бұқтырма су қоймасының контрреттегіші) су жіберу көрсеткіші секундына 900 текше метрге дейін көбейді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қытайдан келетін суды қабылдау үшін мекемелер тәулік бойы жұмыс істеуге әзір екенін айтты.

«Бұқтырма ГЭС жұмысымен танысып, нысанның бассейндік инспекциялармен өзара іс-қимылын реттедік. Қазір қытайлық мамандармен шекарадағы жағдайға байланысты тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінде ҚХР-дан секундына 1810 текше метр су келіп жатыр. Бұқтырма су қоймасында 39 млрд текше метр су жиналды. Нысан тағы 10 миллиард текше метр су қабылдай алады. Осылайша, су қоймасы Қытайдан келетін суды қабылдауға дайын. Жағдай жіті бақылауда. Бассейндік инспекция және «Қазсушар» мамандары мұнда тәулік бойы кезекшілік жүргізеді», – деді Нұржан Нұржігітов.

Су ресурстары және ирригация министрі Алтай қаласында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуінен кейін, өңірдің гидротехникалық нысандарының жұмысын тексерді.

Ведомство Зайсан ауданындағы Кендірлік өзенінде су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Жаңа су қоймасы 60 млн текше метр су жинай алады. Оған қоса облыс бойынша 70-тен астам су арнасын жаңғыртпақ.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» қоры «Өскемен ГЭС АЭС» ЖШС-ні «Самұрық-Энерго» еншілес компаниясына беру туралы мәмілені аяқтады. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына ұсынған құжатында жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз