«Біз оны шартты түрде 1 теңгеге сатып алдық»: «Бәйтерек» басшысының орынбасары Bereke Bank-ті сату тиімді болғанын айтады

Жарияланды
«Бәйтерек ҰБХ» төраға орынбасары Bereke Bank-ті сатуда есеп айырысу Қазақстан пайдасына шешілгенін мәлімдеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

«Бәйтерек ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов қатарлық инвестордың Bereke Bank-ті сатып алуына қатысты пікір білдірді.

Сенат кулуарында журналистер Нұрболат Айдапкеловтен Bereke bank-ті сату Қазақстан үшін қаншалықты тиімді екенін сұрады.

«Біз оны шартты түрде 1 теңгеге сатып алдық. Шартты түрде 0 теңгеге сатып алсақ, әрине плюске шықтық», – деп жауап берді «Бәйтерек ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері, шын мәнінде, «0» теңгеге сатып алу туралы және басқарушы холдинг орынбасарының мемлекет ақшасы жұмсалды» деген сөзін нақтылауын сұрады.

«Бізде бас банкпен келісім бар және өзара есеп айырысу аясында мәмілені өз пайдамызға жүзеге асырдық», – деп түсіндірді ол.

Бұл ретте Айдапкелов мәміле шарттары туралы нақты ақпаратты атай алмады.

Айта кетейік, қатарлық инвестициялық Lesha Bank Bereke Bank-ті сатып алу бойынша мәміленің аяқталғанын хабарлады. Тиісті ақпарат Қатар қор биржасының сайтында жарияланды. Мәміле сомасы 65 млрд теңгені құрады. Бұл несие мекемесінің меншікті капиталының 39,8%-ына тең (1 сәуірдегі жағдай бойынша 163 млрд теңге). Мәміле 31 наурызда аяқталған. 

Наурыздың ортасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Lesha Bank пен Bereke Bank-тің бұрынғы иесі «Бәйтерек» холдингі арасындағы келіссөздердің соңғы кезеңге келгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, басқа инвесторлармен де келіссөз жүргізілуде. Сонымен қатар ол шетелдік банктердің қазақстандық нарыққа шығуына жағдай жасау үшін реттеуші банк заңнамасын қайта қарауды бастағанын айтты.

2024 жылдың ақпан айында Bereke banк-ті Қатардан келген инвестор сатып алатыны белгілі болды. Қатар инвест банкі Lesha Bank «Бәйтерек» холдингімен Қазақстандағы банкті сатып алу туралы алдын ала келісім жасасқан. 

Айта кетейік, Bereke bank – 2022 жылдың наурызында АҚШ-тың санкцияларына ұшыраған Сбербанктің бұрынғы еншілес ұйымы. АҚШ санкциясына ұшыраған соң, халықаралық төлем жүйелерінен ажырап қалған болатын. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік Сбербанк оны «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатты. Келісімнен кейін қаржы институты атауын Bereke Bank деп өзгертті.

2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды. 

Сондай-ақ оқыңыз