«Нақты сектордағы мәселелер тұрғанда, туризм жобаларына қыруар қаржы берілуде»: сенатор Қазақстан Даму банкінің жұмысын сынға алды

Жарияланды
Қазақстан даму банкі туризм саласына қанша жеңілдетілген несие берді? / Коллаж:  kursiv.media, бильд-редактор- Ахтам Зиперов

Астана және Маңғыстаудағы қонақүйлер мен сауда ойын-сауық орталықтарының құрылысына Қазақстанның даму банкі 200 млрд теңге шамасында жеңілдетілген несие бермекші. Өңдеу өнеркәсібінде жеңілдетілген несиеге қажеттілік туындап отырған уақытта Қазақстанның даму банкі мемлекет ақшасын осындай жобаларға жұмсап отыр. Осылай деп мәлімдеген Сенатор Сағындық Лұқпанов жеңілдетілген несие мен қаржыландырудағы кемшіліктерді сынға алды.

Сенатта экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелерін талқылауға арналған парламенттік тыңдау өтті.

Депутаттар Қазақстанның Даму Банкі арқылы жобалардың барлығын бірдей қаржыландырудың қажеттілігі жоқ деп санайды. Әсіресе, нақты сектордағы кейбір маңызды жобалар шешімін таппай тұрғанда, қаржыны оңды-солды беру дұрыс еместігін айтады.

Сенатор атап өткендей, шетелдік инвесторлардың қатысуымен өнеркәсіптік жобалар халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленген. Бұл ретте жобалық құжаттарды бейімдеу және мемлекеттік сараптаманың сметалық құнын салыстыру жүргізіледі. Депутаттар бұл жобаны іске асыру мерзімдерін арттырып қана қоймай, жоғары шығындарға ұшырататынын айтады. Осылайша жобалардың құны 10-20%-ға қымбаттайды. Ал мұның бәрі инвесторларға арналған қазақстандық жобалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді.

«Мәселен, Астана мен Маңғыстауда туризм саласында қонақүйлер, сауда және ойын-сауық орталықтары, кинотеатр, бизнес орталықтарының құрылысын қамтитын екі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Екі жобаның жалпы құны 331 миллиард теңгені құрайды. Аталған жобаларды қаржылық қолдауға инвестор қаражатының 40%-ы тартылса, қалған 60%-ы (бұл шамамен 200 млрд теңге) Қазақстанның Даму банкінің жеңілдік есебінен қаржыландырылады. Нақты сектордағы бірқатар негізгі жобаларды қаржыландыру мәселесі шешілмей жатқанда, ҚДБ қаражатын пайдалана отырып, мұндай жобаларды жүзеге асырудың қандай қажеттілігі бар?». – деді сенатор.

Сағындық Лұқпанов «НИНТ» АЭА-дағы мұнай-химия саласындағы жобаларды мысалға келтірді. Онда Теңіз кен орынында газ сепараторлық  қондырғысын салу қажет. Бірақ жобаны кім қаржыландыратыны белгісіз.

«Жеңілдетілген қарыздарды ел экономикасына нақты үлес қосатын және мультипликативті әсер ететін өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға бағыттаған жөн», – деп атап өтті ол.

Бұл ретте депутаттар мемлекеттік органдардың атқарып жатқан жұмыстарын жоққа шығармайды.  Олардың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің дамуын арттыруда белгілі оң нәтижелер бар.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Даму Банкі агроөнеркәсіп жобаларын 1,2 трлн теңгеге қаржыландыратынын хабарлаған едік. Қазіргі уақытта банк отандық инвесторлардың жаңа жобаларын қарауға кіріскен

Қазақстанның Даму Банкі – экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған қаржы институты. Ол негізінен ұлттық экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін жобаларға инвестициялайды.

Сондай-ақ оқыңыз