Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим күшіне енді

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстандықтар Вьетнамда неше күн визасыз жүре алады? / Архив: kursiv.media

25 мамырдан бастап Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим күшіне енді. Енді екі ел азаматтары 30 күн визасыз жүре алады.

«Келісім екі елдің азаматтары – ұлттық төлқұжаттар иелері үшін визалық талаптарды алып тастауды қарастырады. Екі елдің азаматтары Қазақстан немесе Вьетнамға кіргеннен бастап күнтізбелік 30 күн ал 6 айдың ішінде жалпы алғанда 90 күнтізбелік күн бола алады», – деді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Бұған дейін Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим енгізу туралы қаулыға қол қойды. 

«Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін», – деп жазылған қаулыда.

Аталған құжат 2009 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы екі мемлекет азаматтарының өзара сапарлары туралы келісімі негізінде жасалған.

Бұған дейін Үкімет қаулысы «Ашық НҚА» порталында талқыланған.

Құжатқа сәйкес, екі тарап азаматтары мемлекеттік шекараны кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күн визасыз жүре алады. Екінші тарап мемлекетінің аумағына тек шекаралық өткізу пункі арқылы кіріп-шығуға және транзитпен өтуге рұқсат.

Сонымен қатар 6 ай ішінде визасыз жүрген уақыт 90 күннен аспауы керек. Егер шетел азаматы 30 күннен артық боламын десе, виза алуы тиіс.

Осыған дейін Қазақстан Қытаймен де визасыз режим енгізу туралы келісімге келді.  

Сондай-ақ оқыңыз