Ұлттық тестілеу орталығынан ақпараттарды көшіріп алған Батыс Қазақстан облысының екі тұрғыны 2,5 жылға сотталды
Билығы жылдың сәуірінде Орал қаласы сотының шешімімен Батыс Қазақстан облысының екі тұрғыны Қылмыстық кодекстің 206, 250 және 198-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін әрқайсысы 2 жыл 6 айға бас бостандығыннан айырылды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.
Олар Ұлттық тестілеу орталығынан ақпараттарды заңсыз көшіріп алған.
Сондай-ақ қос азамат коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айрылды.
«Үкім шығаруға ҰҚК-нің іс жүргізу материалдары негіз болды, оған сәйкес сотталғандар 2021-2022 жылдары Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының заңмен қорғалатын ақпаратына заңсыз қол жеткізіп, көшіріп алған», – деп хабарлады ҰҚК.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске сала кетсек, Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-ға тіркеу мерзімін бір күнге ұзартты.
Негізгі ҰБТ-2024-ке 6 мамырдан 14 мамырға дейін өтініш қабылданған болатын. Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімімен барлық талапкерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Тестілеудің өзі 16 мамырда басталған, 5 шілдеге дейін жалғасады.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарына түсуге арналған гранттар тізімін жариялаған болатын. Тізімді мына жерден көруге болады.