Ақтөбеде 21 елден келген шахматшылар сайысқа түсетін халықаралық турнир басталды

Жарияланды (жаңартылды )
«Владимир Дворкович мемориалы – Aktobe Open 2024» халықаралық шахмат турнирі басталды / kursiv.media

25 мамырда Ақтөбе қаласында «Владимир Дворкович мемориалы – Aktobe Open 2024» халықаралық шахмат турнирі басталды.

KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған турнирлерде әлемнің 21 елінен келген шахматшылар сынға түсуде. Бұл сайыс ҚР Туризм және спорт министрлігі, FIDE, Ақтөбе облысы әкімдігі мен Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Шахмат фестивалі 2024 жылғы Республика Кубогының 1-кезеңі болып есептелінеді. Классикалық шахматтан ерлер мен әйелдер арасында өтетін сайыс Шеберлер турнирі және ашық турнир болып екіге бөлінеді.

Жобаның бас демеушілері – Freedom Holding Corp және Ақтөбе мыс компаниясы.

«Жүлде қорын 100 мың долларға дейін ұлғайту арқылы нағыз мықты гроссмейстерлерді сайысқа тарттық. Осылайша турнирдің деңгейі мен мәртебесі жоғары болып есептелінеді. Бұл кейс тиімді жолмен өзара ынтымақтаса отырып, өзіңмен пікірлес команда арқасында нақты нәтижеге қол жеткізе алатынымызды дәлелдейді. Спорттық шараны өткізуге көмектесіп жатқандардың әрбірінің үлесін жоғары деп бағалаймын», –  деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті қатысушыларды жарыстың басталуымен құттықтаған Тимур Турлов.

Кубоктың ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Абзал Әбдікәрімов қатысты. Облыс әкімі Дворкович мемориалы аясында төртінші рет атақты гроссмейстерлермен кездесіп отырғанын қаперге салды.

Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович халықаралық арбитр және ірі шахмат турнирлерін өткізуге себепші болған әкесі Владимир Дворкович есімін ұлықтап отырғаны үшін алғыс айтты.

Екі турнирге Иран, Сербия, Қазақстан, Қытай, Ресей, Үндістан, Өзбекстан және тағы басқа – барлығы 21 елден 200-ден астам шахматшы қатысады.

Турнирлер швейцариялық жүйе бойынша «90+30» уақыт бақылауымен 9 раунд бойы өткізіледі. Шеберлер турнирінің жүлде қоры 45 миллион теңгені ($100 мың), ашық турнир қоры 4,55 миллион теңгені құрайды.

Осы турнирлермен қатар классикалық шахматтан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты  өтеді. Оған екі жас санаты бойынша 50 жастан жоғары және 65 жастан асқан шахматшылар қатысады. Aktobe Open 2024 2 маусымға дейін жалғасады.

«Курсив» астаналық оқушы Айару Алтынбек Перу астанасында классикалық шахматтан өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алғаны туралы жазды.

Сондай-ақ оқыңыз