Жаңалықтар

Мектеп, кондитерлік цех және балық өнімдері өндірісі. «Байқоңырдағы» Ресейден қайтарылған нысандар қандай мақсатта пайдаланылады?

Ресей Байқоңырдағы жүздеген нысанды Қазақстанға қайтарады / Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров.

Үкімет «Байқоңырдағы» Ресей қайтарғалы отырған 234 ғимаратты қазақстандық талаптар бойынша бала оқытатын мектеп, наубайханасы бар кондитерлік цех пен сондай-ақ балық өндірісіне беріп, іске қосуды жоспарлап отыр. Бұған дейін ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға алған көрші мемлекет тізімге енгізілген ғимараттарды қазақ еліне қайтару арқылы жалға алу ақысын төмендетуді көздеп отыр. ҚР цифрландыру министрлігінде «Курсивке» аталған нысандардың Қазақстанға тиесілі екенін, Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне 57 ғимаратты беру туралы шешім қабылданғанын айтты. Ал қалған 177 нысан бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлім етті.  

«Дәл қазір осы тізімде көрсетілген 234 ғимарат пен нысан Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады, Байқоңыр қаласы әкімдігі қарауында жатыр және жуық арада Қазақстан тарапына беру шарасы  жоспарланып отыр. Осы ғимараттардың ішінен бүгінгі күні Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне 57 ғимаратты беру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі күні оларды беру үшін тиісті құжаттар ресімделіп жатыр», – делінген министрлік таратқан мәліметте.

Ведомствода «Ғарышинфрақұрылым» (Қызылорда облысы әкімдігінің меншігі болып табылады) мекенжайына жекелеген кәсіпкерлер хабарласып қалалық әкімдіктің иелігіне өтіп үлгерген 57 ғимаратты оларға сенімгерлік басқаруға беру туралы ұсыныстар айтылғанын растады. Кәсіпкерлер ол жерлерде жаңа бизнес көздерін ашып, 300 жұмыс орнын ашуға ниетті.

Мәселен, тыл базасындағы 9БТ алаңында (оған әскери бағытта пайдаланылып келген 27 ғимарат кіреді) ғимараттарды; 9 алаңындағы өндірістік база орнын (бес ғимарат) — «арнайы техника түрлерімен қызмет көрсету учаскесіне» айналдыру; №12 бастауыш мектепті Қазақстанның талаптарына бейімдеу; қазіргі баспахананы (төрт ғимарат) — балық өнімдерін қайта өңдейтін өндіріс орнына айналдыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ техникалық қызмет көрсету орталығы (ТҚО) орнына тоңазытқыш қоймасы мен кілем жуатын орынға айналдыру ұсынылды. Одан бөлек нан зауытының ғимаратын кондитерлік цех пен наубайханасы қатар істейтін орталыққа бейімделетін болады. Ал «Дружба» кафесін заманауи мейрамханаға айналдыру және №112 дүкенді азық-түлік сататын дүкенге айналдыру керектігі айтылған.

«Негізінен Байқоңыр қаласының жылу электр станциясының меншігіне кіретін нысандар (салқындату мұнаралары, буландыру бассейндері мен бөлімшелер, трансформаторлық қосалқы станциялар), Байқоңыр қаласының тазарту құрылысы кешені (тұндырғыштар, лай заттарды соратын станциялары, тазарту құрылыстары мен резервуарлар) болып табылады. Ал қалған ғимараттардың (олар 234 құрамнан тұрады) одан әрі мүмкіндігін айқындау бойынша жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспары қарастырылуда», – деп қорытындылады министрлік.

Қазақстан жағына өтетіні жөнінде нақты шешім қабылдана қоймаған басқа ғимараттардың ішінде-балалар көркемсурет мектебінің қоймасы, «тұрғын үй шаруашылығы» мемлекеттік кәсіпорынның объектілері, сондай-ақ «инженерлік жұмыстар» мемлекеттік мекемесі, Орталық әмбебап базардың ет павильоны мен басқа да нысандар бар. «Курсив» порталы осы материал жарияланбай тұрып «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы атына аталған нысандарға қатысты сауал жолдағанымен, ол жақтан жауап түскен жоқ.

Мамыр айының ортасында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов депутаттық сауалға жауап ретінде Байқоңырдағы ғимараттың тізбесін ресейліктер 2022 жылы еліміздің құзыретті органдарына бергенін хабардар етті. Олардың базасында 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашып, өндіріс көлемін арттыру жоспары бар екенін атап өтті.

Сауалда Сенат депутаттары аэроғарыш саласындағы қазіргі жағдайға алаңдайтынын айтқан. Олардың айтуынша, оның даму үрдісі  тоқтап қалу қауіпі жоғары. Мысалы, 2023-2025 жылдары республикалық бюджеттен ғарыш саласына 4,9 млрд теңге бөлінгенімен, іс жүзінде 2023-2024 жылдарға арналған шығыстар көлемі 1,8 млрд теңгеден аспаған. Ал 2025 жылға қаражат бөлінбепті.

Сенаторлар одан бөлек «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшуға сұраныстың төмендегенін, кадр дайындау төмен деңгейде екенін, сондай-ақ Қазақстанның «Крайный» әуеайлағы ауданында әуе кеңістігін пайдалануда түйіткілді мәселе көп екенін айтып отыр. Олардың айтуынша, осы мәселе бойынша әлі күнге дейін үкіметаралық келісім жоқ. Осыған байланысты сенаторлар ғарыш саласындағы мемлекеттік саясатты толығымен қайта қарауды және «жаңа технологияларды енгізу тәсілін түбегейлі өзгертуді» ұсынып отыр. Сонымен қатар олар Аэроғарыш өнеркәсібі комитетіне экономиканы цифрландырудың негізгі әлеуетін арттыратын, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Ұлттық институт мәртебесін беруді ұсынды.