Криптовалюта айырбастаумен айналысатын Astana Exchange компаниясының қаржылық қызмет көрсетуге лицензиясы жоқ – АХҚО

Жарияланды
АХҚО Astana Exchange компаниясы туралы мәлімдеме жасады/Фото:kursiv.media архивінен

Астана халықарылық қаржы орталығының Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) криптовалюта айырбастау қызметтерін ұсынатын Astana Exchange компаниясының алаяқ екенін ескертеді.

«Бұл компания қаржылық қызметтерді көрсету үшін жалған лицензияны пайдаланады. Жүргізілген талдау нәтижесінде AFSA аталған ұйымның АХҚО-да тіркелмегенін және қаржылық қызметтер көрсетуге жарамды лицензиясы жоқ екенін анықтады. Осылайша, оның қызметі АХҚО актілерінің нормаларына қайшы келеді»,– деп хабарлады АХҚО.

AFSA жұртшылыққа лицензиясы бар немесе тіркеген компаниялар туралы ақпаратты жария тізімнен қарап алуға шақырады. Бұл тізім АХҚО сайтында жарияланған. Сондай-ақ алаяқтыққа қатысы бар кез келген хабарламаға жауап бермеуге және еш жағдайда осы компаниямен іскерлік қарым-қатынасқа түспеуге, осы алаяқтыққа байланысты кез келген тарапқа ақша жібермеуге немесе аудармауға кеңес береді.

«Егер сізде қандай да бір хат-хабардың шынайылығына күмәніңіз болса немесе алаяқтыққа қатысы бар адам сізбен байланысты деп күдіктенсеңіз, сізге AFSA-ға тікелей хабарласуға кеңес береміз. Ол үшін біздің сайтта орналастырылған онлайн-форманы пайдалана аласыз»,–– деп мәлімдеді қаржы орталығы.

Айта кетейік, бұған дейін алаяқтар бейнеқоңырау соғу арқылы үш секунд ішінде ақшаңызды жымқыра алатыны туралы хабарлаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз