Жаңалықтар

Бишімбаев ісі бойынша сотталған Бақытжан Байжанов апелляциялық шағым түсірді

Бақытжан Байжанов апелляциялық шағым түсірді / Аскар Ахметуллин

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша 4 жылға сотталған Бақытжан Байжанов апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы «Курсив» тілшісіне адвокат Ғазиз Ынтықбаев айтты.

«Бүгін түстен кейін мен сот кеңсесі арқылы үкімге апелляциялық шағым түсірдім. Сот шешімі 13 мамырда жарияланған болса, бүгін соңғы күніміз екен. Ертең мерзім аяқталады (үкімге шағымдану мерзімі – ред.)», – деді Ынтықбаев.

Бұған дейін Байжанов «қылмысты жасырды» деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Еске сала кетсек, 13 мамырда өзінің азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталып, сот ісі ашық жүргізілген бұрынғы Ұлттық экономика мининстрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты.

Сот Үкіміне сәйкес, экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, сот Үкімімен Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың қайталануы деп танылды.

Үкімге сәйкес, ол қауіпсіздігі қатаң деңгейдегі қылмыстық-түзету мекемеде жазасын өтеуі тиіс. Бишімбаевтың 2023 жылы 9 қарашадан бері тергеу изоляторында қамауда отырған әр күні 1 күн болып есептеледі. Яғни оның жалпы жазасын өтеу мерзімі 23 жыл 6 айға созылады.

Бишімбаевтың туысы, Бақытжан Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес, кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейтін болады. Оның қамауға алынған 11 қарашадан бастап тергеу изоляторында өткізген әр күні 1,5 күн болып есептеледі.

Сонымен қатар Бишімбаевтан сот экспертизасының шығындары үшін мемлекетке 2 млн теңге өндіріп алу да қарастырылған

Бишімбаевты ұстаған екі полиция қызметкері де жауапқа тартылды.