Жаңалықтар

Сәуірде долларға сұраныс айтарлықтай азайды

Доллар
Аймақтар бойынша доллар көп сатылған қала Алматы / Фото: shutterstock

Сәуірде долларға бөлшек сұраныс жеті айдағы ең төменгі деңгейге дейін азайып, таза сату 145 млрд теңгені (326 млн доллар) құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің айырбастау пунктерінен шетел валютасын сатып алу, сату статистикасында жазылған.

Аймақтар бойынша долларға ең жоғары сұраныс дәстүрлі түрде Алматыда (28%), Шымкентте (21%), Солтүстік Қазақстан облысында (9%) және Шығыс Қазақстан облысында (6%) байқалады.

Сарапшылар, қолма-қол шетел валютасына сұраныстың бәсеңдеуі жыл басынан бері бюджетке рекордтық трансферттер есебінен айырбас бағамының айтарлықтай нығаюына байланысты деп топшылайды.

Алайда сәуірде еуроға сұраныс 76%-ға өсіп, 2024 жылдың басынан бергі ең жоғары көрсеткішке (33,4 млрд теңге) жетті.

Қазақстандықтар екінші ай қатарынан рубльдерін сатуда. Сауданың жалпы көлемі 6,9 млрд теңгені құрады. Бұл жыл басынан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Бұған дейін наурызда қазақстандықтардың долларға деген сұранысы артқан. Есесіне халық рубльді жаппай сатып жатыр. Ұлттық банктің шетел валютасын сатып алу/сату статистикасына сай, қазақстандықтар 1,7 млрд теңгеге тең рубль сатқан.

2024 жылдың ақпан айында Қазақстанда Қытай валютасына деген сұраныс артқан еді. Өткен айда ақша айырбастау орындары 233,8 млн теңгеге юань сатқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы аймен салыстырғанда (67,8 млн теңге) 3,4 есе артық.

Ақпанда Ресей рублі мен долларға деген сұраныс та біршама төмендеген. Өткен айда республика бойынша 3,4 млрд теңгеге рубль айырбасталған. Айырбастау пунктеріндегі доллар сату көлемі 20,9% азайып, 190 млрд теңгеден 150,3 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Ал қаңтар айында халықтың еуроға деген сұранысы артқан болатын. Бұл айда ақша айырбастау пунктеріндегі еуроның таза сатылымы 21,6 млрд теңгені құрады. Ол – 2023 жылдың мамырынан бергі ең жоғары көрсеткіш.