Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты шешімі Ұлттық қордан ақша алу болжамына тәуелді – Halyk Finance

Жарияланды
Шығарушы редактор
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты шешімі қандай болады? Фото: kursiv.media

Halyk Finance сарапшылары Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты шешімі Ұлттық қордан алынатын қаражат жоспарына байланысты болады деп тұжырымдайды.

31 мамырда реттеуші базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Сәуірде базалық мөлшерлеме 14,75% деңгейінде өзгеріссіз қалған болатын. Ұлттық банк бұл шешімін инфляциялық қысымның сақталып отыруымен түсіндірді.

Сарапшылар бюджет тапшылығын жою үшін Ұлттық қордан ақша алу жоспары базалық мөлшерлемеге қатысты шешімге әсер ететінін айтады.

«Нақты бағамның жоғары мәні, инфляцияның төмендеуі және теңгенің күшті айырбас бағамы елдегі монетарлық жағдайды одан әрі жеңілдетуге негіз береді. Дегенмен Ұлттық қордан бюджет толтыру үшін алынатын қаражаттың жоспардан асып кету ықтималдығы жоғары. Бұл жағдай инфляцияға қарсы қысым көрсетуі мүмкін. Ол өз кезегінде Ұлттық банкті ақша-несие саясатын жеңілдетуді бәсеңдетуге мәжбүр етеді», – деп атап өтті сарапшылар.

Бұл ретте нақты мөлшерлеме өзінің тарихи мәнінен айтарлықтай асып тұр. Сонымен қатар, бірінші тоқсандағы бәсең экономикалық өсу (жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 3,7%) үкіметтің 2024 жылдың соңына қарай 5%-ға қол жеткізу жоспарын бұзады.

Сарапшылар Үкімет қазірді өзінде Ұлттық қордан жоспарлы тарнсферттің жартысына жуығын жұмсап қойғанына назар аударады. Ұлттық банктің мәліметінше, бюджетке трансферттер үшін мамырда тағы 750-850 миллион долларды шығару жоспарланған.

Осы қарқынмен кете берсе, биыл қордан алынатын қаражат көлемі 5 трлн теңгеден асып кетуі ықтимал. Мемлекет шығыстарын Ұлттық қор ақшасымен қаржыландыру бағаның өсуіне себеп болып, артық өтімділік қалыптастыруы әбден мүмкін.

Осының бәрін ескере отырып, Ұлттық Банк трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджет шығысы тәуекелдерін ескеретін болса, базалық мөлшерлемені тағы өзгеріссіз қалдыруы мүмкін. Сарапшылар Үкіметтің салық саясаты базалық мөлшерлемені 0,25-0,5 пайыздық тармаққа төмендетуге мүмкіндік береді деп тұжырымдайды.

Ұлттық қорда қазір 28, 6 трлн теңгеден аса қаражат бар. Наурыз айының соңындағы көрсеткіш бойынша оның көлемі 28,8 трлн теңге болған еді. Бір ай ішінде қор қаражаты 200 млрд теңгеге қысқарған.Наурыз айында мақсатты трансферттер үшін Ұлттық қордан 411 млрд теңге алынды. Сәуір айында да дәл осындай сомада мақсатты трансферттер бюджетке аударылды.

Жалпы 2024 жылдың басынан бері Ұлттық қордан 1,9 трлн теңге қаражат алынған. Осы мерзім аралығындағы кепілдік берілген трансферттер 1,5 трлн теңгені құрады. Ал бір ай ішінде бюджетке кепілдік берілген трансферттер көлемі 480 млрд теңгені құраған.

Сондай-ақ оқыңыз