Бишімбаевтың адвокаттары Нүкенованың өліміне қатысты үкімге үш апелляциялық шағым түсірмек

Жарияланды
Шығарушы редактор
Бишімбаевтың адвокаттары үш апелляциялық шағым түсірмек / Асқар Ахметуллин, бильд-редактор: Артур Алескеров

Азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы өлтірді деп сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары сот үкіміне қатысты үш аппеляциялық шағым түсіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Курсив» тілшісіне Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, апелляция мерзімінің соңғы күні – 28 мамыр. 

«Бүгін «Сот кабинеті» арқылы сағат 16:00-17:00 шамасында апелляция береміз. Қазір тергеу изоляторында отырмыз. Апелляциялық шағымды әріптестерімізбен талқылаймыз. Әркім өз атынан жазады. Біз, іс қаралған бапты өзгерту бойынша талап қоямыз», – деді Ғазымжанов.

Журналистің «Бишімбаевтың өзі шағым түсіре ме» деген сауалына жауап берген адвокат «шағым түсіреді» деп нақты айтты.

«Біз қорғап отырған азамат та шағымдануы керек, менің ойымша, ол бірнеше күн ішінде (шағым – ред.) жазады», – деп жауап берді адвокат.

27 мамырда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша 4 жылға сотталған Бақытжан Байжанов апелляциялық шағым түсірген.

Еске сала кетсек, 13 мамырда өзінің азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталып, сот ісі ашық жүргізілген бұрынғы Ұлттық экономика мининстрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты.

Сот Үкіміне сәйкес, экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, сот Үкімімен Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың қайталануы деп танылды.

Үкімге сәйкес, ол қауіпсіздігі қатаң деңгейдегі қылмыстық-түзету мекемеде жазасын өтеуі тиіс. Бишімбаевтың 2023 жылы 9 қарашадан бері тергеу изоляторында қамауда отырған әр күні 1 күн болып есептеледі. Яғни оның жалпы жазасын өтеу мерзімі 23 жыл 6 айға созылады.

Бишімбаевтың туысы, Бақытжан Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес, кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейтін болады. Оның қамауға алынған 11 қарашадан бастап тергеу изоляторында өткізген әр күні 1,5 күн болып есептеледі.

Сонымен қатар Бишімбаевтан сот экспертизасының шығындары үшін мемлекетке 2 млн теңге өндіріп алу да қарастырылған

Бишімбаевты ұстаған екі полиция қызметкері де жауапқа тартылды

Сондай-ақ оқыңыз