Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» акцияларының бағасы 21%-ға өсуі мүмкін – Freedom Broker

ҚазМұнайГаз
«ҚазМұнайГаз» акцияларының бағасы қымбаттайды / Фото: sutterstock

«ҚазМұнайГаз» 2024 жылдың І тоқсанының қаржылық есебін жариялады. Теңгемен есептегенде мұнай бағасы небәрі 1,5%-ға өскеніне қарамастан, кіріс, еркін ақша ағыны, операциялық және таза пайда анағұрлым жоғары динамика көрсетті. Бұл ретте Freedom Broker сарапшылары компания акциялары бағасының өсу әлеуетіне қатысты болжамын жаңартты.

«Өткен жылы бос ақша ағыны теріс болды, ал алдыңғы тоқсанда ҚМГ таза шығынға ұшырады. EBITDA маржасы да аздап өсті. Бұл кірістің өсуімен бірге таза пайданың өсуіне әкелді. Ол соңғы бір жарым жылдағы екінші жоғары көрсеткіш», – деп түсіндірді Freedom Broker сарапшылары.

Ал дивидендтер деңгейі 2023 жылмен бірдей болды. Дегенмен бұл фактор және мұнай бағасының өзгеріссіз қалуымен биылғы жылдың жақсы қаржылық басталуы келесі жылы дивидендтердің өсу ықтималдығын айтарлықтай арттырады.

«Бағалау үлгісінде негізгі қаржылық көрсеткіштерді жаңарттық, капитал мен маржа бойынша болжамды жақсарттық. Екінші жағынан, доллардың аздап құнсыздануы, болжамды түсім және таза қарызды 2023 жылға дивидендтерге түзету кері нәтижеге әкелді. Нәтижесінде ҚМГ бір акциясының жаңартылған нысаналы бағасы 15 400 теңгені құрайды. Бұл соңғы нарықтық бағадан 21%-ға өсу әлеуетін білдіреді. Ұсыныс – «Сатып алу», – деп қорытындылады мамандар.

Сонымен қатар «KEGOC» АҚ 2024 жылғы І тоқсандағы есебін жарияланған. Сарапшылар аталған компания акцияларына қатысты да болжамын жаңартты.

«KEGOC» АҚ 2024 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша айтарлықтай оң есеп берді. Компания электр энергетикасындағы реформалар мен тарифтердің өсуінен кейін тоқсан сайынғы кіріс бойынша рекордтар орнатуды жалғастыруда. Сонымен қатар, жалпы маржа жақсарды. Ал EBITDA маржасы аздап төмендеді. Осылайша ақшалай мәнде айтарлықтай өсім көріп отырмыз», – деген Freedom Broker сарапшылары KEGOC акцияларының өсу әлеуеті 21%-деп бағалап отыр.

Еске сала кетсек, наурызда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 2023 жылдың қаржылық есебін жариялады. Есеп бойынша Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясының түсімі 8 320 млрд теңгені (18 236 млн АҚШ доллары) құрады. Былтыр бұл көресткіш 8 693 млрд теңге (18 860 млн АҚШ доллары) болатын. Демек түсім 4,2% төмендеген.

KEGOC компаниясы 2023 жылы Ресей электр энергиясын Қырғызстанға тасымалдауды арттырған.