Жаңалықтар

Қазақстандықтар Qiwi әмиянындағы қаржысын қалай қайтара алады?

QIWI
Qiwi әмияндағы ақшаны қайтарып алу жолы жарияланды / Архив: kursiv.media

Qiwi Kazakhstan мен Ресейдің депозиттерге кепілдік беру агенттігі Қазақстандағы Qiwi әмиян иелеріне рубль, доллар және еуродағы қаражаттарын қайтарады. Бұл турады компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Ақша тек «Кәсіби» мәртебесі бар электронды әмияндардың иелеріне қайтарылады. Егер әмиянның мәртебесі «Ең аз» немесе «Негізгі» болса, оны «Кәсіби» деңгейіне дейін жаңарту керек.

Қазақстандық клиенттер «Qiwi Kazakhstan» ЖШС-да бұғатталған сомалар бойынша төлемдерді талап ету туралы келісімге қол қоюға тиіс. Келісімге қашықтан, компания сайтында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюға болады.

«Барлық құжат 10 маусымға дейін (қоса алғанда) қабылданады. Бұрын Ресейдің депозиттерге кепілдік беру агенттігіне құжаттарды жолдаған және төлемді алу үшін кредиторлар тізіліміне енгізілген клиенттердің қайталама өтініштері қабылданбайды», – деп жазылған хабарламада.

Қанша қаражат қайтарылады?

Төлемдер теңгеде QIWI әмияндарына Қазақстан Ұлттық Банкінің 2024 жылғы 27 мамырдағы бағамы бойынша қайтарылады. Қаржы келісімге қол қойғаннан кейін 10 күн ішінде түседі:

  • Ресей рублі – 4,94 теңге
  • АҚШ доллары – 443,16 теңге
  • Еуро – 480,39 теңге

Рубльде, долларда және еурода қалдығы бар QIWI әмияндарынан қайтарылатын сомаға шектеулер белгіленді:

  • 1000 рубльден бастап;
  • 10 доллардан бастап;
  • 10 еуродан бастап.

Кім өтініш бере алады?

Қазақстан Республикасының барлық азаматы, сондай-ақ тұруға ықтиярхаты бар адамдар.

Бұл жағдайда әмиянға байланысты абоненттік нөмір әмиян иесіне тіркелуі керек. Ол қазақстандық ұялы байланыс операторымен жасалған келісіммен расталуы керек.

Еске сала кетсек, 21 ақпан Ресей Федерациясының Орталық банкі Qiwi банкінің лицензиясын қайтарып алды. Реттеуші мұндай шешімді банктің федералды заңдарды, оның ішінде ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күреске (AML/CFT) байланысты қабылдады. Бұған қоса Орталық банктің нормативтік құқықтық актілеріне қайшы әрекеттер тіркелген. Осыдан кейін компания Ресей Банкінің шешімі оның Қазақстандағы қызметіне әсер етпейтінін мәлімдеді.

РФ Орталық банкі қаржы ұйымының жеке тұлғалардың деректерін пайдаланып, оларға хабарламастан арнайы операцияларды жүзеге асыру фактілерін анықтады. 

Кейін қазақстандықтар әмиядарындағы қаражатын жеңілдетілген тәртіппен қайтара алатыны белгілі болды.