Құс еті өндірісін арттыру: жобаларды жүзеге асыруға қаражат қайдан алынады?

Жарияланды
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 446,9 млрд теңгеге 91 жобаны жүзеге асыру көзделген / Фото: kursiv.media

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды көздейтін жобаларға Қазақстан Даму Банкі мен Halyk Bank-тен инвестиция тартылады. Бұл қаражат елде ет, сүт, астық өндірісін дамытуға жұмсалмақ. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин айтты.

Вице-премьер Серік Жұманғариннің басшылығымен өткен үкіметтік кеңесте Агроөнеркәсіптік кешенде ет, сүт, астық өңдеуге және жылыжай шаруашылығын дамыту үшін 446,9 млрд теңгеге 91 жобадан тұратын пул қалыптастырылғанын айтты.

Айтуынша, Аграрлық несие корпорациясының желісімен жалпы құны 81,6 млрд теңгені құрайтын 43 жоба бойынша белсенді жұмыс басталып кеткен. Ал Қазақстанның Даму Банкі 285 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны қаржыландырмақ. Оның ішіне 2025-2026 жылдарға қарай жылына 200 мың тонна тауық етін өндіретін құс шаруашылығы бойынша төрт ірі жоба кіреді.

Ал Halyk Bank 1,4 млрд теңгеге үш жобаны қаржыландырған. Сонымен бірге 78,5 млрд теңгені құрайтын 34 жобаның жалпы пулынан 11 млрд теңге қаражатты талап ететін бес жобаны мақұлдаған.

«Сондай-ақ жем-шөп дақылдарын суаруға 6,9 млрд теңгені қоса алғанда, 48,6 млрд теңгені талап ететін мал шаруашылығын дамыту бойынша 41 жоба қаралуда»,– дейді Бердалин.

Ал Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Қайрат Майышев 2023 жылы ет өндіру көлемі 328 мың тоннаны құрағанын, 2024 жылы бұл көлемнің қосымша 200 мың тоннаға дейін ұлғаятынын айтты. Солайша жалпы көлем 500 мың тоннадан асады деп күтілуде.

«Етке деген сұраныс пен халық санының өсуін ескере отырып, 2029-2030 жылдарға қарай ет тұтынушылығы 750 мың тоннаға жетеді деп болжап отырмыз. Бұл болжамдар етке деген сұраныс, оның құнына және халықтың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктеріне негізделген»,– дейді Майышев.

Десе де, маман қомақты инвестиция уақытылы жұмыс істеуі керек деп санайды. Ол 2024 жылдың басталғанын ескере отырып, қаржыландыруды кешіктіруге болмайтынын айтады. Қаржыландыру сапалы жүргізілсе, еліміздің болашақта импортқа тәуелділікті қысқартып, өнімді экспортқа шығару әлеуеті де арта түспек.

Еске сала кетсек, Қазақстан Даму Банкі агроөнеркәсіп жобаларын 1,2 трлн теңгеге қаржыландыруды жоспарлап отыр. Бұл жайлы «Қазақстан Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) басқарма төрағасы Марат Елібаев мәлімдеді. Ол ет, сүт және астықты терең өңдеу, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамыту, құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын және етті мал шаруашылығы кәсіпорындарын салу секілді агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ҚДБ-ның жалпы сомасы 1 трлн 220 млрд теңгеге қаржыландыруды қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді. Қазіргі уақытта банк отандық инвесторлардың жаңа жобаларын қарауға кіріскен.  

Сондай-ақ оқыңыз