Ресей Өзбекстанда қуаты аз атом электр стансасын салады. Екі ел президенттері – Владимир Путин мен Шавкат Мирзиеев тиісті келісімге қол қойған. Бұл жайлы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.
Кремльдің сайтында Өзбекстанда қуаты аз атом электр станциясын салу туралы келісімге қол қойылғаны, АЭС-тің Өзбекстанның жақын арада электр энергиясын өндірудің жаңа түрін пайдаланатын елге айналуына мүмкіндік беретіні жазылған.
Атап айтқанда, Ресей президенті мен Өзбекстан президенті 2018 жылғы 7 қыркүйектегі Ресей Федерациясының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өзбекстан Республикасының аумағында атом электр станциясын салудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға сонымен бірге Өзбекстан Республикасында қуаты аз атом электр станциясын жеткізу мен салу бойынша жобалық келісімшартқа қол қойған.
Яғни бұл құжаттарға сәйкес, 2018 жылғы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізіледі. бұрынғы құжатта жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын екі энергоблоктан тұратын АЭС құрылысы талқыланған болса, жаңа келісімге сәйкес Ресей Өзбекстанған әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын алты энергоблоктан тұратын шағын атом электр станцияларын салып береді.
Қазіргі уақытта Өзбекстанда, сондай-ақ Орталық Азияның басқа елдерінде бірде-бір атом электр станциясы жоқ. Осы орайда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев атом электр станциясын салудың маңызды екенін атап өткен. Ол сонымен бірге Өзбекстанда уранның үлкен қоры бар екенін мәлімдеген.
Айта кетсек, Қазақстанда АЭС салу мәселесі әлі шешілген жоқ. Салу-салмау мәселесін халық жыл соңында өтетін референдум барысында шешпек. Елде АЭС салуға қатысты референдум жыл соңына қарай өтетінін осыған дейін Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев айтқан болатын. Ол сонымен бірге егер АЭС салу туралы шешім қабылданса, «Росатомның» осы саладағы көшбасшылығы ескеріліп, оның «қысқа тізімде» болатынын мәлімдеген еді.
Ал 2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде Атом электр станциясын салу-салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін айтты.