«Бәйтерек» «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов холдингке экономиканың өңдеуші секторына қолдау көрсетуді тапсырды.
«Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес ұйымдары 2023 жылдың қорытындысы бойынша және 2024 жылдың І тоқсанында 1,6 трлн теңгеге өңдеу өнеркәсібіндегі 4,6 мың жобаны қаржыландырды.
Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде 15,1 трлн теңге сомасына қызметтер көрсетілген. Мәселен, Ақмола облысында құс фабрикасының өндірістік қуатын кеңейту жобасы, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында екі байыту фабрикасы пайдалануға берілді.
Өңдеу өнеркәсібінде қолдау көрсетілген кәсіпорындар 3,9 трлн теңге сомасына өнім сатқан. Бұл өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнімдерінің жалпы көлемінің 18%-ын құрайды. Олардың шикізаттық емес экспорттағы үлесі – 12%.
«Бүгінде қаржылық көмек импортты одан әрі алмастыруға бағытталған жобаларға көрсетіледі. Олардың ішінде 2025 жылға қарай 2,2 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын жеңіл автомобильдер шығаратын мультибрендтік зауыт құрылысы бар. Бұл Саран қаласындағы шамамен 1,1 мың жұмыс орнын құратын және жеңіл көлікке арналған 3 млн шина, жүк техникасына арналған 500 мың шина шығаратын кәсіпорын. Сондай-ақ 2025 жылға қарай 300 жаңа жұмыс орны құрылып, жылына 30 мың тонна натрий цианидін шығаратын зауыт құрылысына қолдау көрсетілді», – деп хабарлады Үкімет баспасөзі.
Бұдан басқа өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайту бойынша қойылған міндеттерді ескере отырып, холдинг қосымша бағдарламаларды әзірлеуде.
«Қазір біз «Бәйтерек» холдингі мен оның барлық еншілес құрылымдарының экономикалық өсімді ынталандыру жөніндегі әлеуетін белсенді түрде іске қосамыз. Басшылық экономикаға қаражат құю бойынша жедел шешім қабылдауы керек. Біздің алдымызда басым салаларда ЖІӨ-нің елеулі өсіміне қол жеткізу бойынша ауқымды міндеттер тұр. Қарқынды түрде әрекет ету керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 2024 жылдың бірінші тоқсанында 121 млрд теңге таза пайда тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артық.
Холдинг фермерлерді қаржыландыруға 100 млрд теңге бөлген. 2024 жылы холдинг агроөнеркәсіптік кешен жобаларына 300 млрд теңге бөлуді жоспарлаған.