Қазіргі уақытта Атырау облысынан басқа еліміздің барлық өңірінде су тасқыны кезеңі аяқталды. Қазақстанның су қоймаларына 12 млрд текше метрден астам тасқын суы жиналды. Енді су қоймаларына жиналған тасқын су ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп салаларының қажеттілігін қамтамасыз етеді.
Ведмстволар қоймалардағы суды тиімді пайдалану жолын қарастырамақ. Мамандар су қорын ауыл шаруашылығына бағыттау оң нәтиже беретінін айтады. Ұзақ жылдар бойы қаңсып қалған өзен-көлдер қайтадан жанданды. Мол су бір жағынан құрғақшылықтың алдын алуға септеседі. Осының есебінен ел экономикасын нығайта түсу маңызды.
Су реурстары министрлігіне қарасты су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының бас сарапшысы Ғалымжан Қамбарбеков су қоры шаруашылық салаларына пайдаланылатынын айтты.
«Биылғы су тасқыны кезеңінде Қазақстанның су қоймаларына 12 млрд текше метрден астам су жиналды. Жиналған су экономика қажеттілігі үшін пайдаланылады. Еліміздің су шаруашылығы құрылыстары суды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етті. Оған қоса тасқын суын соңғы жылдары құрғауға айналған сағаларға, көлдерге және басқа да су айдындарына жіберуге мүмкіндік берді», – деді сарапшы.
Ведмство тасқын кезеңінен сабақ алып, дамыған мемлекеттердің тәжірибесін зерделемек. Оған қоса электронды карта мен мониторнгілеу жүйесі іске қосылады. Бұған дейін Экономикалық зерттеулер институты қарғын су есебінен қосымша су қорын түзуге қатысты шетел тәжірибесін ұсынған еді.
«Министрлік әзірлеген су саласын дамытудың тұжырымдамасы тасқын суды игеру бойынша озық елдердің тәжірибелері зерттеле отырып толықтырылады. Бұдан бөлек тасқын суды басқаруды және құрғақшылық салдарын азайтуды көздейтін ұзақ мерзімді құжат әзірленеді. Сондай-ақ тасқын су қозғалысы көрсететін элетронды картасын және су мөлшері мен су инфрақұрылымдарының жағдайын қамтитын су ресурстарын есепке алуды мониторингілеудің және болжаудың бірыңғай жүйесін әзірлеу жоспарланып отыр», – деді Ғалымжан Қамбарбеков.
Сәуір айында ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі су тасқыны алдағы егіс жұмыстарына теріс әсер етпейді деп мәлімдеді. Жоспарланған егіс алаңдары су тасқынынан зардап шекпегенін алға тартты.
Бірақ жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Қайрат Майышев мамыр-маусым айларында құрғақшылық болып, салдарынан ауыл шаруашылығы зиян шегуі мүмкін екенін ескертті. Оның бір себебі – тасқын су топыраққа дұрыс сіңбей, егістік алқаптарынан ағып кетіп жатыр.
«Курсив» тасқын суды қоймаларға құюдың қаупі туралы Экология министрлігіне ресми сауал жолдады.