Жаңалықтар

Nasdaq рекорд орнатып, АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына сұраныс азайды

БАҚ шолуы / Shutterstock

Nasdaq тарихта алғаш рет 17000 деңгейінен асты, АҚШ-тың қазынашылық облигациялары сұраныстың азайғанына қарамастан, кірісін арттырып жатыр. Ресейлік компаниялар АҚШ-тың санкцияларын айналып өту үшін криптовалютаға ойысуда. Осы және басқа тақырыптар туралы 28 мамырдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Nasdaq 17000 белгісін еңсерді

Бір күн бұрын Nasdaq технология индексі тарихта алғаш рет 17000 (+0,59%) деңгейінен асты деп хабарлайды Reuters. Бұл Nvidia акцияларының қымбаттауының арқасында жүзеге асты. Илон Маск осы компанияның чипін қолданып, суперкомпьютер жасау туралы уәде бергеннен кейін олар да өз максимумын жаңартты. S&P 500-ге 0,02% қосылса, ал өнеркәсіптік DOW 0,55%-ке төмендеді. Денсаулық сақтау секторы мен қаржы компанияларының акциялары арзандады.

Акция бағасы АҚШ-тағы қызмет көрсету саласы мен жеке тұтыну тауарларының бағасына қатысты жаңа деректерді жариялау қарсаңында өсуде, ФРЖ ставка белгілейтін кезде осы деректерді негізге алады. Нарық қатысушылары азық-түлік пен энергияны қоспағанда, жеке тұтыну шығындарының баға индексі сәуір айында 0,2%-ға артады деген ойда, бұл 2024 жылдың басынан бергі ең төменгі көрсеткіш болмақ.

CME FedWatch-тың есебіне сәйкес, трейдерлер мөлшерлеме қараша және желтоқсан айларында 50%-ға (әр айда 25 б.п.) төмендеуі мүмкін деп бағалайды. Ал сарапшылар жыл соңында акциялар көтеріледі деген болжам жасауда. UBS Global Research базалық индекстің мақсатты бағдарын бұған дейін 5 400 деп көрсетсе, қазір 5 600 болады деп отыр. Бұл АҚШ-тағы ірі брокерлік компаниялар жасаған болжамның ішінде ең жоғарысы.

Ресей АҚШ санкцияларына байланысты криптовалютаға көшуде

АҚШ санкцияларына байланысты трансшекаралық аударым жасауда қиындық көріп отырған ресейлік шикізат компаниялары Tether және басқа да стейблкойндерді қолдану арқылы транзакция жасай бастаған. Бұл туралы Bloomberg басылымы хабарлайды. Бұлардың қатарында ең кемі ресейлік екі жетекші металл өндіруші бар. Негізінен қытайлық клиенттермен және жеткізушілермен солай есеп айырысып жатқаны туралы сол компаниялардың топ-менеджерлері жасырын хабарлады. Кейбір есеп айырысулар Гонконг арқылы өтуде.

«Аударым небәрі 5-15 секундта іске асады және шамалы цент қана тұрады, егер жөнелтушінің стейблкоин қоры болса, мұндай транзакция өте тиімді», – деді цифрлық валюта сарапшысы, Resolv Labs құрылтайшысының бірі Иван Козлов.

Tether USDT доллармен есептеледі, сондықтан ол экспорттаушыларға ыңғайлы.

Есеп айырысуда криптовалютаның маңызы артып келе жатқаны, Ресейдің Орталық Банкінің осы салаға көзқарасы өзгергенін байқатады. Ол бұған дейін кез келген криптовалютаны пайдалануға және оны жасауға толық тыйым салуды қарастырған еді, бірақ 2023 жылдың қарашасында парламентке ОБ басшысы Эльвира Набиуллина халықаралық транзакцияны осындай төлем арқылы жасауға қатысты тәжірибелерді қолдайтынын айтты.

АҚШ-тың қазынашылық облигациялары сұраныс төмен бола тұра, кіріс келтіріп жатыр

Сейсенбіде АҚШ-та мемлекеттік қарызды сату бойынша екі аукцион өтті деп хабарлайды Bloomberg. Қағаздарға сұраныс әлсіз болғандықтан, сауда біткен соң дилерлердің қолында бес жылдық қағаздардың 20%-ы және екі жылдық қағаздардың 17%-ы қалды. Нәтижесінде кіріс жаңа сессиялық максимумдарға дейін артты. Солай бола тұра, өтеу мерзімі ұзақ облигациялардың бағасы басқалардан жоғарырақ болды, яғни олар 6 пунктке дейін өсті.

Жалпы, екі жылдық облигациялар аукционының көлемі 69 млрд доллар (4,917%) болса, бес жылдық облигациялар – 70 млрд долларды (4,553%) құрады. АҚШ-тағы AmeriVet Securities ставка саудасы мен стратегия бөлімінің басшысы Грегорий Фаранелло бұл мәселені «мерекеден кейін бір күнде екі аукционның қатар өтуінен нарықтың бәсеңдеуі» деп атады.

Осы аптада жеті жылдық облигацияларды саудаға салатын аукцион өтеді. Басқа сатылымдар АҚШ-тағы қызмет көрсету саласы мен жеке тұтыну тауарларының бағасы туралы мәліметтер жарияланғаннан кейін жүзеге асады. ФРЖ-ның әрекет ету бағдары содан кейін айқындалмақ.  

 Қысқа-нұсқа

Bernstein инвестициялық компаниясының сарапшылары BTC-ETF және ETН-ETF нарығы 450 млрд долларға дейін өседі деп болжап отыр, оның 100 млрд доллардан астамы алдағы екі жылда крипто-ETF-ке түседі деп жазады CoinDesk. Сонымен қатар, олар биткоин жылдық қорытынды бойынша 2024 жылы 90 мың долларға, ал 2025 жылы 150 мың долларға дейін өседі деп болжайды.

OpenAI GPT-4-ті алмастыратын жаңа ЖИ моделін үйретуді бастады деп хабарлайды NYT.

АҚШ-та тұтынушылық сенім индексі мамыр айында 102-ге дейін өсті, ол сәуірде 97,5 болған. Ал Bloomberg сауалнамасына қатысқан экономистер 96 болады деп күткен еді. Тұтынушылардың көңіл-күйіне қуатты еңбек нарығы әсер етуде.