Жаңалықтар

АҚШ «Талибанды» Ауғанстанның заңды билігі деп тануға ниетті емес – Ақ үй

заңды билігі
Фото: shutterstock.com

АҚШ «Талибан» қозғалысын Ауғанстанның заңды билігі деп тануды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Ақ үй кеңесшісі Джон Кирби мәлімдеді.

Кирби журналистің Ресейдің «Талибанды» Ауғанстанның заңды билігі деп тану идеясына Вашингтон қалай қарайтыны туралы сұрағына:

«Біз Талибанды Ауғанстанның ресми билігі ретінде мойындамаймыз. Ал егер Ресей оны мойындауға келіссе, басқаларға қате сигнал береді», – деп жауап берген.

Бұған дейін РФ президенті Путин «Талибан» қозғалысы – Ауғанстандағы заңды билігі және олармен қазіргі қалыптасқан жағдайды ескере отырып, байланыс орнату керек деген.

2023 жылдың аяғында Қазақстан «Талибан» қозғалысын тыйым салынған ұйымдар қатарынан шығарған болатын.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан мен Талибан арасындағы дипломатиялық байланыс Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған шешімдер мен қарарларды қатаң ұстана отырып дамитынын атап өткен.

Қозғалыс 1986-87 жылдары пайда болған. Дүние жүзінің көптеген елінде ол тыйым салынған террористік ұйым ретінде танылған. Талибан Ауғанстанды 1996-2001 жылдар аралығында басқарды. Бұл қозғалыс 2021 жылы АҚШ әскерлері елден шығарылғаннан кейін билікке оралды.

2005 жылы Қазақстанның Жоғарғы соты «Талибан» қозғалысын террористік деп танып, оның республика аумағындағы қызметіне тыйым салған еді. Талибанға ҰҚШҰ-ға мүше: Қырғызстан, Ресей, Тәжікстанда да тыйым салынған.

2021 тәліптер Ауғанстан территориясының көп бөлігін бақылауды орнатты, ал 15 тамызда ел астанасы – Кабулды басып алып, Ауғанстанды толық бақылауға алғанын жариялап, елдегі саяси партиялардың қызметіне толық тыйым салды.

2021 жылдың тамызында Ауғанстан президенті Ашраф Ғани отставкаға кетіп, билікке Талибан содырлары келгеннен кейін, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылауды жалғастыра отырып, «Талибан» қозғалысын мойындамайтынын хабарлады.