Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Тоқаев экстремистік әрекеттердің алғышарттарын анықтап, олардың алдын алу, халықаралық терроризмнің таралуына жол бермеу, соның ішінде заңнамалық және ұйымдастырушылық базаны жетілдіру, дұрыс ақпараттық саясатты іске асыру жөніндегі кешенді тәсілдердің маңызды екенін атап өтті.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев президентпен жеке кездесіп, ведомствоның биыл жыл басынан бері терроризмге және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысының негізгі нәтижелері және алдағы кезеңде қабылданатын шаралар туралы баяндады.
Ақорда ақпаратына сүйенсек, жыл басынан бері елде екі лаңкестік шабуылдың жолы кесілген. Оның біреуі шет мемлекетте шетелдік серіктестермен бірлесіп жасалмақ болған.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп-тексерген қылмыстық істердің негізінде радикалды діни идеологияның 26 жақтаушысы лаңкестік және экстремистік әрекеттері үшін сотталған. Тағы 22 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Экстремистік көзқарастарына байланысты республикаға 139 шетелдіктің кіруіне жол берілмеген, 280-нен астам шетелдік азамат Қазақстаннан шығарылған», – делінген Ақорда хабарламасында.
Бұдан бөлек, елде тыйым салынған діни әдебиеттерді елге заңсыз әкелуге қатысты 190-нан астам әрекетке тосқауыл қойылып, 19 шетелдік жауапқа тартылған. Заңсыз айналымдағы 237 атыс қаруы, 27 жарылғыш құрылғы, 4500-ден астам оқ-дәрі және басқа да террор құралдары тәркіленген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар қажет болған жағдайда Қазақстан көмек қолын созатынын айтты. Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растағанын жазған едік.